Атырау, 28 қараша 08:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Соттағы аударма қиындығы: нигериялық Атырауда не «жоғалтты»?

Сурет
1 419 просмотра

Атырау қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен («Аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, иемдену, сақтау») айыпталған 25 жастағы Нигерия азаматы Эзечи Чикамсо КАЧИГЕ қатысты қылмыстық іс қаралды.

Ол былтыр жазда Атырауда ұсталып, содан бері тергеу изоляторында отыр. Тергеу мәліметі бойынша, сотталушыны ұстаған кезде Chevrolet Cruze маркалы көлігінде жүргізуші төсенішінің астынан салмағы 4,29 грамм синтетикалық «Мефедрон» есірткі заты мен жүксалғыштан сыдырма қаптар табылған. 

Сот процесі өткен жылдың 23 қарашасында басталды, сотталушы үшін ағылшын тіліне аудармашылардың қатысуымен орыс тілінде өтіп жатыр. Бірақ жақында өткен отырыста куәгер екі полицей де сұрақтарға ана тілінде - қазақ тілінде жауап берді. Сотталушы өзін беймаза күйде ұстады. Ол соттың ашық өткеніне қарамастан өзін суретке, видеоға түсіруге үзілді-кесілді қарсы болып, бұған келіспейтінін ашулана білдірді. 

Төрағалық етуші судья Марал НАУРЫЗХАН оның тілегін ескеріп, БАҚ өкілдеріне тек сот залы мен процеске басқа қатысушыларды ғана түсіруге рұқсат берді. 

Сот кулуарында өзін айыпталушының Нигериядағы ағасының досымын деп таныстырған әйелмен сөйлестім. Оның айтуынша, Чикамсо Качи Алматыға келіп, сол жерде жасөспірімдер футбол клубын жаттықтырған, содан кейін ол Атырауға біраз футболшыны әкелуі керек еді. 

Сотталушының өзі тағылған айыппен үзілді-кесілді келіспей, өзін аяқтан шалып отырғанын айтады. Бірақ оны ұстауға және көлігін тінтуге қатысқан куәгер полицейлер сотталушы табылған есірткінің өзіне тиесілі екенін және сатуға арналғанын бірден мойындады деп сендіреді. 

Осы жерде нигериялық тағы да ашуланды: 

– Айтшыңызшы, сізге мені кім көрсетті?! Мені осы күйге түсірген адам қазір қайда? Менің есірткі сатушы екенім еш жерде дәлелденген жоқ. Сіз шетелдік болғаным үшін маған жауып тастауды ұйғардыңыз ба? 

Оның ағылшын тілінен орыс тіліне аударғандағы сөздерінің мағынасы осындай еді. 

Полиция қызметкерлерінің бірі ұстау «жедел ақпарат» негізінде жүргізілгенін, бірақ ол заңға сәйкес сотта дерек көзін айта алмайтынын айтты. 

Бұл тағы да сотталушының ашуын келтірді. Оған қоса, ол ұстау кезінде полицейлер одан 2500 долларын алып қойып, кейін қайтармағанын айтты. Алайда куәгер ретінде шақырылған полицей бұлай болмады дейді. 

Екі куәгер полицей де сотталушы тінту үшін көлігінің кілтін өз еркімен бергенін айтты. Бұған мемлекет тарапынан берілген адвокат Ғали ЖӘМЕНОВ жедел түсірілімде полиция қызметкерлерінің бірінің қорғалушысынан көлік кілтін дөрекі түрде алғаны көрініп тұрғанын айтты. 

Куәгерлерден жауап алу аяқталғаннан кейін судья полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу қорытындысын оқыды: сотталушының ақшасын иемдену және оған қысым көрсету дәлелденген жоқ. 

Сот отырысында прокурор Лаура АСАНОВА жаңа айыптау актісін жасауды сұрады. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды. Сот процесі жалғасып жатыр. 

Айнұр САПАРОВА 

Суреттер мене бейнежазбаны түсірген автор

17 наурыз 2023, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.