Соңғы күндері Атырау қаласы аумағындағы ауылдық округтерде көшедегі қаңғыбас иттерді ұстап ит аулаушыларға тапсырған адамға әр ит үшін 2000 теңге төленетіні туралы әлеуметтік чаттарда аудиожазба тарауда.
Аудиожазбада «Көшеде иесіз, топтасып жүрген иттерді орынжайға ұстап әкелген адамға бір ит үшін 2000 теңгеден төлеймін. Тіпті ит аулауға рұқсат деген құжат та жасап бере аламыз. Тек жеткізілген иттің құлағында сырғасы болмауы керек» делінеді.
Көпшілігі Атырау қаласында иттерді аулаумен айналысатын «INMARKET» ЖШС Исатай ОРАЗҒАЛИЕВТІҢ дауысы екенін таныды.
Сондай-ақ аудиожазбада ҚР Экология және геология министрінің №162 бұйрығының 8-тармағына сәйкес, көшеде иесіз жүрген барлық ит, қарғыбауы болса да аулауға жатады, деп түсіндіреді.
«АЖ» тілшісі Исатай Оразғалиевтан осы аудиожазбаға қатысты мән жайды білген еді.
- Иә, бұл мен айтқан жазба, - деп растады ол. – Бұл үш апта бұрын 8 жасар баланы ит қапқан кезде таратылған. Алайда хабарламаның түйіні қиылып қалған. Бұл хабарламамның түпкі мақсаты белсенді тұрғындарды ит аулауға өзіме бригадаға шақыру болатын. Біздің мекеме бұған дейін тек қаланың ішіндегі иттерді аулап келсе, биыл бізге қала аумағындағы Дамбы, Еркінқала, Қайыршақты, Атырау, Дамбы округі секілді тағы 7 округті қосып берді. Сондықтан маған бригада санын көбейту керек болып, сол округтың тұрғындарынан осы аудионы таратуды сұрағанмын.
Оның айтуынша, хабарлама арқылы жұмысшы әлі табылмаған.
- ... Бізде тұрақты еңбекақысынан бөлек ұстап әкелген әр ит үшін қызметкерге 2000 теңге береміз. Кез келген адам көшеден ит ұстап, металл сияқты тапсырып кете алмайды. Маған «2000 теңгеден ит аласыз ба?» деп хабарласып жатқандар бар.
Айтпақшы, қазіргі кезде қалада төрт бригадамен күніне 20-30 аралығында ит аулануда. Көшеде жүрген иттер орынжайға жеткізіліп, вакцинасы салынып, кестіріліп, тексерілген соң қайтадан орнына жіберіледі.
- Егер нақты итке немесе ұйығып топтасып жүрген иттерге шағым түссе, олар жансыздандырылады, - деді И.Оразғалиев.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ