Бес жылға созылған Атырау облысы әкімдігі ғимаратының жапсаржай құрылысы аяқталды. Атырау облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір кеңсе ішіне интернет желісі тартылып, серверлік жұмыстар жүргізіліп жатыр, содан кейін ғимарат пайдалануға дайын.
Әкімдік қызметкерлері жаңа ғимаратқа көшіп, ескі ғимаратқа реконструкция жасалады. Бүгінгі таңда ескі ғимараттың 3-4 қабаттарына ғана реконструкция жүргізілген. Қалған қабаттарды жөндеу жұмыстары қызметкерлер жаңа ғимаратқа көшкен соң басталады.
Естеріңізге салсақ, 2018 жылдың сәуірінде сол кездегі облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ әкімдіктің бүкіл басқармасын жаңа ғимаратқа бір жерге жинауды ұсынып, «Атырау» мәдени орталығын (халық арасында «аппендикс» деп аталады) бұзып, орнына 6 қабатты ғимарат тұрғызу туралы шешім қабылданған еді. Жапсаржай үшін 2018 жылы 7 млрд астам теңге қаржы бөлініп, астаналық «Казстройподряд»
ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Бастапқыда жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталуы тиіс болды. Алайда, 2019 жылы жобаға тағы екі қабат қосу туралы шешім қабылданды.
Жоба бойынша ғимараттың бірінші қабатында үлкен мәжіліс залы орналасады. Басқа қабаттарда мәслихатқа, бөлімдер мен басқармаларға, сондай-ақ әкім орынбасарларына арналған бөлмелер мен залдар болады. Облыс басшысына ең жоғарғы - қабат бөлінген, ол жерде кең кабинет, селекторлық мәжіліс залы, шағын асүйі бар асхана болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор