ҚР Конституциялық соты атыраулық заңгер Нұрлан ЖОЛБОЛОВТЫҢ шағымын қарап, оның уәждерін негізді деп таныды.
Еске салайық, Н.Жолболов бұл жаңа органға Салық кодексінің баптарын даулап, оған сәйкес азаматтар сотқа жүгінген кезде көп жағдайда қомақты мемлекеттік баж төлеуге мәжбүр болатынын, ал ондай ақшасы жоқтар сотпен қорғалатын заңды құқығынан айырылатынына шағымданған болатын. Мұның бәрі, заңгердің пікірінше, Конституция нормаларын, азаматтық құқық қағидаттарын, сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарды бұзады.
Бір қызығы, бұл осы жылдың қаңтарында жұмысын бастаған Конституциялық сот тарихындағы алғашқы шағым болып отыр. Отырыс өткен жұмада өтіп, нәтижесінде Конституциялық сот адвокаттың уәждерін негізді деп танып, Салық кодексінің мемлекеттік сот баждарын өндіруді реттейтін кейбір нормаларын Конституцияға қайшы деп таныды.
Атап айтқанда, «ҚР Үкіметі үш айдан кешіктірмей... ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына соттарда мемлекеттік баждарды төлеу мәселесін құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған тиісті заң жобасын енгізсін», - делінген Конституциялық Соттың нормативтік қаулысында. Бұл құжат 22 ақпанда күшіне енді, толық мәтінімен ҚР Конституциялық Сотының сайтында танысуға болады.
Бұл іс-шараның ел ауқымындағы сөзсіз маңыздылығын атап өткен Н.Жолболов былай деп түсіндірді:
– Қаулы мәтінінен көріп отырғанымыздай, азаматтардың ҚР Жоғарғы Сотына жүгіну құқығын көрсететін 2-тармағы ғана Конституцияға қайшы деп танылған. Бірақ сотқа талап арыз берген кездегі мемлекеттік баж мөлшерлемелері көрсетілген 1-тармақтың 1-тармақшас Конституцияға қайшы деп танылған жоқ. Алайда Конституциялық Сот тұтастай алғанда заңның әрбір азаматтың, әсіресе қиын мүліктік жағдайға тап болған азаматтардың сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын толық көлемде жүзеге асыруға кедергі келтіретінімен келіседі. Өйткені заңнамада мемлекеттік баждың мөлшерін азайтуға, босатуға, кейінге қалдыруға, бөліп төлеуге құқық беретін нормалар жоқ. Сондықтан мен мұны үлкен жетістік деп санаймын!
Жаңа Салық кодексі жобасының ережелерінде біз талап еткен және Конституциялық сот талап ететін нәрсенің бәрі ескеріледі деп ойлаймын.
Лев ГУЗИКОВ