Атырау, 28 қараша 12:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«“Сыбайлас жемқорлықтың қазақ мәдениетімен байланысы қандай?”: жалғасы» жарияланымына NCOC комментарийі

637 просмотра

Осы материал жарияланғанға дейін аз уақыт бұрын NCOC консорциумынан редакцияның бұрын жолдаған сауалына жауап келді. Біз оны өңдеусіз және аздаған түсініктемелермен жариялаймыз.

Сұрақтар: Өткен жылдың қараша айында «Сіздің пікіріңіз – сыбайлас жемқорлықтың қазақ мәдениетімен байланысы қандай?» деген материал жарияланған болатын. Онда сіздің кеңсеңіздегі жиналыстардың бірінде компания қызметкерлерінің ұялы телефондарының ішіндегі ақпаратқа қол жеткізу үшін бағдарламалық жасақтама енгізу ниеті туралы хабарланған. Бұл бағдарлама NCOC кеңселерінде қолданыла ма?

Мақалада айтылған қызметкер - этика және нормаларға сәйкестік бөлімінің менеджері Онкоджи С. қазіргі уақытта қайда жұмыс істейді? NCOC компаниясы оның қазақ мәдениетінің сыбайлас жемқорлық сияқты әлеуметтік құбылыспен байланысы туралы болжамына қосыла ма?

Соңғы 7 жылдағы консорциумның қазақстандық және шетелдік мердігерлермен серіктестігі және олардың арасалмағы туралы статистикалық мәліметтерді беруіңізді сұраймыз.

Жауаптар:

«Құрметті Зульфия Байнекеева, NCOC өз қызметкерлерінің ұялы телефондарына шпиондық бағдарламаны пайдаланатыны туралы болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Дегенмен, NCOC іскерлік этика және нормаларға сәйкестік бөлімі арнасы арқылы ресми шағым түскен жағдайда немесе қауіпсіздік бұзылған жағдайда, корпоративтік құрылғылардың пайдаланылуын тексеруге құқылы. Бұл көптеген ірі компаниялар қолданатын стандартты процедура. NCOC қызметкерлердің жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығына құрметпен қарап, ҚР заңнамасына қатаң сәйкестікпен жұмыс істейді.

Сіз өз сауалыңызда сілтеме жасаған NCOC іскерлік этика және нормаларға сәйкестік жөніндегі бұрынғы менеджер қойған мәселе дұрыс түсіндірілмеген және, бәлкім, айқын тұжырымдалмаған болуы мүмкін деп санаймыз.

NCOC жұмыс пен іскерлік этиканың жоғары стандарттарын белгілейді және осы стандарттарды ұстанатынын көрсетеді. Компанияның әрбір қызметкері жыл сайын іскерлік этика және нормаларға сәйкестік саласында міндетті оқытудан өтеді. Осындай оқыту бойынша персоналдың пікірі де құпталады және мұндай пікірлер басшылық деңгейінде мұқият қарастырылады.

Оқытудан басқа, бөлімдер деңгейінде іскерлік этика және нормаларға сәйкестік мәселелері бойынша тұрақты жиналыстар өткізіліп тұрады, оның барысында қызметкерлердің іскерлік этика мен нормаларға сәйкестік бойынша тиісті сұрақтар қоюға мүмкіндігі бар. Қызметкерлер арасында жиі қойылатын мәселелердің бірі – қонақжайлық дәстүріне және ұлт мәдениетіне құрметпен қарай отырып, NCOC және оның акционерлері, сондай-ақ ҚР заңнамасы талап ететін іскерлік этиканы және нормаларды сақтау.Іскерлік этика және нормаларға сәйкестік мәселесіне арналған корпоративішілік іс-шарада талқылау панелі барысында бұрынғы іскерлік этика және нормаларға сәйкестік менеджері осы мәселені көтерді. Ешқандай да біреудің сезімін қорлау ниеті болмады.

Біз NCOC компаниясының Қазақстанның мәдениетін қатты құрметтейтінін және оны өз қызметкерлері арасында насихаттауға жан-жақты қолдау көрсететінін атап өткіміз келеді».

(Онкоджимен қоштасқанын бізге орағытып хабарлады: оны «бұрынғы іскерлік этика менеджері» деп меңзеп отыр. Оның ішкі корпоративтік іс-шарада «Сіздің пікіріңізше, сыбайлас жемқорлықтың қазақ мәдениетімен қандай байланысы бар?» деген сауалы NCOC мәліметінше, «дұрыс түсіндірілмеген және, бәлкім, айқын тұжырымдалмаған». Бірақ бізге оны қалай түсіндіру немесе тұжырымдау керектігін айтпады. – З.Б.).

…«2022 жылы NCOC жергілікті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамтуды арттырудың оң үрдісін жалғастырды, ол 748 млн АҚШ долларын немесе жалпы шығындардың 59,4%-ын құраған.

Нәтижесінде 2004 жылдан бері жергілікті тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге жұмсалған шығындардың жалпы көлемі 16,6 миллиардтан астам АҚШ долларын құрады. Бұл NCOC-тың жергілікті компаниялар үшін үлкен мүмкіндіктер жасауға және олардың әлеуеті мен өндірістік қуатын дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Құрметпен, NCOC компаниясының сыртқы коммунициялар бөлімі».

(Өкінішке орай, қазақстандық және шетелдік жеткізушілердің нақты арасалмағы және шетелдік қызметтерге жұмсалатын шығындар көлемі туралы сұрақ жауапсыз қалды – З.Б.).

Оқырмандар арасындағы сауалнамамен қорытындылайық: компанияның редакция сауалына берген жауабы сізді қанағаттандырды ма?

1. Иә, толығымен.

2. Жоқ.

Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

21 ақпан 2023, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.