Атырау, 28 қараша 12:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Сыбайлас жемқорлықтың қазақ мәдениетімен байланысы қандай?»: жалғасы

946 просмотра

Өткен жылдың қараша айында «АЖ» NCOC компаниясындағы кезекті жиналыс туралы материалды жариялаған болатын. Онда даулы мәлімдемелер, оның ішінде сыбайлас жемқорлық пен «қазақ мәдениеті» арасындағы әлдебір байланыс туралы айтылды. Компания бұл жарияланымға ешқандай түсініктеме бермеді, дегенмен атышулы хикаяның неге ұласқаны туралы баяндайық.

Бүгін NCOC қайтадан өзі үшін жағымсыз ақпарат көзіне айналды. Оның қазіргі және бұрынғы бір топ мердігерлері «сенімсіз» компаниялар тізімінің бар екеніне күмәнданады және бұл тізімге ілігу жақсылық әкелмейтінін алға тартады.

Осы мердігер компаниялар өкілдерінің растауынша, өздерінің кәсіпкерлік келешегі үшін сақтанып, атауын атағысы келмеген бірнеше NCOC мердігерлері себебі түсіндірілместен қолданыстағы келісім-шарттарынан айырылған. Оларды мерзімінен бұрын аяқтап, қайта тендер өткізіліп, басқаларға берген. Тағы бірнеше компания «қара тізімге» үміткер кезегінде тұр деседі. Әртүрлі қызмет түрлерін жеткізушілер қандай қателіктер үшін жазаланған, жұмыс пен қызметтің ірі тұтынушыларының бірі оларды қандай негізде өз пайдасынан айырып отыр деген негізгі сұрақ ашық қалған. Олар NCOC-қа бірнеше ай бойы сауал жолдап, түсініктеме күтіп жүргендерін алға тартады, бірақ халықаралық консорциум, кербез сұлудай, бұл өтініштерге елең етпейтін көрінеді.

Қолданыстағы қазақстандық заңнамаға қайшы дәл осындай байланыс әдісін NCOC тіпті БАҚ-қа қатысты да қолданады: осы материалды дайындау кезінде ресми редакция сауалы компанияға 25 қаңтарда жолданды. Консорциумның ҚР заңнамасын жақсы білетініне күмәнім жоқ. Алайда оның талаптарын орындауға асықпайды. Бұл нені білдіреді? Менің ойымша, Каспий теңізіндегі ең ірі мұнай-газ жобасының операторы Қазақстанның заңнамасын таңдамалы түрде сақтайды.

Егер NCOC кері байланыс жасаса, ол қазақстандық мердігерлердің соңғы бірнеше жылда «қара тізімдер» тәжірибесі ондаған, тіпті жүздеген шағын және орта кәсіпорындарға әсер етті деген тұжырымын жоққа шығаруы мүмкін. Олардың бәріне ешқандай түсініктемесіз және біржақты тәртіппен ірі тапсырыс берушімен жұмыс істеуге қолжетімділік жабылды және олар тіпті жаңа келісімшарттар алу үшін тендерлерге де қатыса алмайды дер. Ал бұлар негізінен қазақстандық компаниялар. Мүмкін NCOC кері байланыс орнату мүмкіндігін пайдаланар?

Ал әзірге мен ұзақ жылдар бойы Мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры ретінде шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асырылатын жобалардағы қазақстандық қамту мәселелеріне жауапты болған Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВҚА сарапшы ретінде түсініктеме алу үшін жүгіндім.

– Бәлкім, бұл әр 3-5 жыл сайын мердігерлерді ауыстыру тәжірибесі туралы шығар. Менің ойымша, бұл дұрыс, компаниялар жылдар бойы бір келісімшарт бойынша отырмауы керек. Немесе сіздің сұхбаттасушыларыңыз баға бойынша ұтылды, өйткені тұтынушы үшін бірінші басымдық - үнемдеу. Көбінесе жұмыс істеп тұрған мердігерлер бағадан ұтылады. Мен нақты жағдайды білмеймін. Аты-жөнін айтса, нақтырақ ақпарат алуға болар еді, – дейді сұхбаттасым.

- Бұл компаниялардың жария болудан қорқатыны түсінікті — олар бұл мәселемен «ашылса», онда алдағы уақытта NCOC-пен жұмыс істеу үмітіміз де жоғалады деп есептейді. Алайда олар өздері үшін маңызды келісімшарттарды қандай негізде жоғалтқанын немесе жоғалтып жатқандары жөнінде өз сұрақтарына жауап ала алмаса, олардың жария алаңына шығары сөзсіз. Бәлкім, сұхбаттасушыларым растап отырғандай, шынымен де қазақстандық компанияларды ірі халықаралық жобалардан ығыстыру үрдісі бар шығар, сіз естіген жоқсыз ба?

- Ондайды естімеппін. Әдетте 50/50 басымдығы сақталады. Тек қазақстандық компаниялардың құзыреті жетіспейтін жұмыс түрлері көп. Әлемдік тәжірибе керек.

– Қазақстандық компаниялар өздерін алалайтындығына күмәнданса, өздерін қалай қорғай алады?

– Тендерде ұтылып қалса, келесі тендерді күту керек. Немесе жеңімпаз компаниямен қосалқы мердігерлік қызметтерге келісуге болады.

– Сонда, шын мәнінде, ештеңе өзгермейді ғой, формальды түрде жұмысты сол кәсіпорын орындайды, ал мердігерді ауыстыру ережесі өзін ақтамайды. Басты шағым – мердігерлік жұмысқа ешқашан рұқсат етілмейтіндердің «қара тізімі» бар. Мазасыздықтың көзі осында.

- Ендеше, оларға PSA-ға жүгінуге кеңес беремін. Заңнамалық деңгейде солар ғана көмектесе алады, өйткені мемлекет тарапынан жобада отыратын солар және бүкіл ішкі жағдайды көріп отырады.

Мен бұл ұсынысты сұхбаттастарыма жеткіздім. Жауап ретінде ұзақ үзіліс туындады. Консорциумдағы «PSA» ЖШС-нің (жобадағы ҚР Энергетика министрлігінің уәкілетті органы) рөлі туралы үнемі неше түрлі қауесет айтылып келеді. Осы жағдайдан көріп отырғанымыздай, қазақстандық компаниялардың бәрі бірдей Солтүстік Каспий консорциумы үшін жұмыстар мен қызметтерді сатып алу тұрғысында жергілікті қамтуды дамыту мүддесімен құрылған мемлекеттік құрылымды қолдау ретінде қарастырмайды.

... «Алғашқы көрініске» оралайық. Мен қызметкерлердің телефондарына тыңшылық жасау бағдарламасымен және консорциумға британ-нидерландық Shell компаниясынан іссапармен жіберілген, этика және нормаларға сәйкестік бөлімінің менеджері, нигериялық текті Сильвестер ОКОНДЖИДІҢ аузынан шыққан «қазақ мәдениеті» мен сыбайлас жемқорлық арасындағы ажырамас байланыс туралы риторикалық сауалға қатысты  хикаяның түйінін әңгімелеуге уәде берген едім. Бағдарламаны тоқтатып тастады, уақытша ма, әлде біржола ма, белгісіз: жоғарыда атап өткенімдей, біз сауалымызға жауап алған жоқпыз. Оконджидің тағдыры (NCOC растаған жоқ – З.Б. ескертпесі) туралы Shell онымен «жол берілмейтін пікіріне байланысты сенімін жоғалтты» деген себеппен қош айтысқаны белгілі. Ол жобадан кеткенімен, қазақстандықтар қара құрлықтың азаматын әлі күнге дейін жағымсыз сөзбен еске алады. «Сенімсіздер тізімінің» авторы сол екеніне зардап шеккен мердігерлер сенімді:

– Өйткені, оның тұсында NCOС-та жеткізуші компанияларды қара тізімге енгізу тәжірибесі енгізілді. Мүмкін ол жоқ болған соң, серіктестіктен шығару себептері туралы хаттарға жауап бермей отырған шығар, ал басқалары біздің қандай күнәміз үшін кенеттен сенімділер қатарынан қалаусыз санатқа көшкенімізді білмейтін болар? Түптеп келгенде, жұмысты жалғастыру үшін қандай қырымызды күшейтуіміз, түзетуіміз, жоюымыз қажет екенін білуге құқығымыз бар. NCOC серіктесі болу оңай емес, біз халықаралық стандарттар талабына сай болу үшін ұзақ жолдан өттік, үнемі даму үстіндеміз, үйреніп жатырмыз және әлдекімнің қалауымен жобадан кетуге әзір емеспіз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

16 ақпан 2023, 19:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.