Атырау, 28 қараша 11:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырауда «Киік-2024» табиғатты қорғау акциясы өтеді

87 просмотра


Биыл облыста жануарлар дүниесін қорғау саласына қатысты 83 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде тіркелген әкімшілік құқықбұзушылық саны – 77, ал қылмыстық іс– 6. Бұл туралы полиция департаментінің табиғат қорғау полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Нұрлыбек ҚАНАТОВ баспасөз мәслихатында мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Жыл сайын облыс аумағында уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жойылып бара жатқан киіктерді атудың жолын кесу, олардың өнімдерін заңсыз дайындаумен, сатумен айналысатын тұлғаларды анықтауға бағытталған «Киік» және «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде облыс аумағында бірнеше құқықбұзушылық анықталып, 335 дана киік мүйізі, 7 тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы қаруы тәркіленді, - деді Н.Қанатов.

«Киік-2024» табиғатты қорғау акциясы 1-31 желтоқсан аралығында өтеді. Акцияның негізгі мақсаты - киік популяциясын қорғау және олардың санын көбейту, браконьерлерге қарсы күресті күшейту мен құқық бұзушыларға қатаң жаза қолдану.

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке ШАЛХАРОВТЫҢ айтуынша, Қазақстанда киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді 3 популяциясы мекендейді.

- Соңғы жылдары киіктердің саны өсіп келе жатқанымен, браконьерлік, табиғи апаттар мен мекендейтін жерлердің азаюы сияқты қауіп әлі де өзекті болып отыр. Дегенмен киіктерді аулау, оларға қатысты қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Былтыр 7 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданып, нәтижесінде 6,5 млрд теңге, ал биыл тіркелген қылмыстың 4-еуі сотқа жолданып, 283 млн теңгеге жуық қаражат мемлекет пайдасына өндірілді.Ал қалған екеуі тергеліп жатыр , - деді ол.

«Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Бас директордың орынбасары Бақтияр РАМАЗАНОВТЫҢ мәліметінше, киіктердің ең көп популяциясы Батыс Қазақстан облысында шоғырланған.

- Қыста ауа-райының салқындауына байланысты киіктер көші-қонын ауыстырып, бүгінде Атырау облысына қарай бағыт алды. Сол себепті біздегі арнайы жасақ топтары күшейтіліп, осы жаққа жұмылдырылуда. Жалпы киіктің таралымын бақылауға 225 инспектор,150-ге жуық көлік жұмылдырылды. Сонымен қатар жұмыстарды жеңілдету мақсатында мемлекет тарапынан жол талғамайтын биік көліктер берілді, - деді Б.Рамазанов.

Бүгін, 09:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.