Атырау, 27 қараша 12:31
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Сіздің пікіріңіз – сыбайлас жемқорлықтың қазақ мәдениетімен байланысы қандай?»

1 206 просмотра

NCOC компаниясы кәсіпорындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзінің дәрменсіздігін мойындап, кеңседе ұялы телефонды бақылайтын бағдарлама енгізуді ұйғарды, деп хабарлады компанияның бірнеше қызметкері «АЖ» редакциясына. Бірақ мәселе бұл ғана емес екен.

14 қазанда Атыраудағы NCOC кеңсесінде корпоративтік этика және нормаларға сәйкестік мәселелеріне арналған жоспарлы жиналыс өткен. Жиналысқа қатысушыларға компанияның корпоративтік ұялы телефондарды бұзуға арналған бағдарламалық жасақтама енгізу ниеті туралы хабарлаған. Бұл жаңалық қызметкерлердің, әсіресе қазақстандықтардың ашуын тудырды. Консорциумдағы Shel компаниясының өкілі, этика және нормаларға сәйкестік бөлімінің менеджері, Нигерия Федеративті Республикасының азаматы О.С. (оны осылай деп атайық) мұндай сервисті енгізу қажеттігін алға тартқан. Дәлел ретінде, редакцияға жүгінген кезектен тыс жиынға қатысушылардың айтуынша, ол «What is your opinion how the corruption is related with Kazakh culture?» («Сіздің ойыңызша, сыбайлас жемқорлықтың қазақ мәдениетімен байланысы қандай?») деген сұрақ қойған. Сұхбаттасушыларымды ашуландырған тек бұл сөз тіркесі ғана емес, олар кеңседе ұялы телефондардың бақылану заңдылығына күмән келтіреді.

Әдетте, әртүрлі елдің құқық қорғау органдары немесе барлау қызметтері ұялы телефондардан деректерді жасырын алу және талдау үшін жабдыққа тапсырыс береді.

Біздің ақпаратымыз бойынша, NCOC израильдік кеңінен танымал Cellebrite компаниясымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бірінші сілтеме - https://cyclowiki.org/wiki/Cellebrite халық энциклопедиясы: «Бұл мобильді деректермен жұмыс істеуге арналған инновациялық технологияларды әзірлеуші және мобильді құрылғыларға қызмет көрсету және криминалистік зерттеулер саласындағы кешенді шешімдерді жеткізуші. Американың барлау қызметтерімен жұмыс істейді. 2019 жылдың тамыз айының басында бұл фирманың технологиясын Ресей Федерациясының арнайы қызметтері наразылық білдірушілердің телефондарын бұзу үшін пайдаланғаны анықталды. 2018 жылдың ақпан айында Cellebrite Apple компаниясының барлық iPhone үлгілерінің бұғатын ашу және құрылғыдан кез келген деректерді алу үшін жаңа қызметті іске қосты. Телефонды бұзу құпия сөз, саусақ ізі сканері, Face ID бетті сканерлеу жүйесінсіз жүзеге асырылады...».

ФСБ және Ресей Тергеу комитетімен серіктестік аясында компания атауы жиі айтылады.

Оның сайтындағы кешенді өнімдердің бірінің сипаттамасы мынадай: «Деректерді тереңдете қайта кодтау мен талдауға және егжей-тегжейлі есеп беруге арналған ең күшті бағдарламалық жасақтама; ұялы телефонды лезде сәйкестендіру үшін; барлық уәкілетті қызметкерлермен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді...».

– Бұл қос мақсатты жабдық – экспорттық бақылауға жататын өнімдер және «бейбіт» мақсаттарда да, әскери мақсаттарда да қолданылады. Оны пайдалану үшін белгілі бір құзырлы органдардың рұқсаты қажет, – дейді «Қазақстан Интернет Қауымдастығы» ЗТБ президенті Шавкат САБИРОВ. – Әйтпесе, оның Қазақстанға әкелінуі заңсыз. Құжаттарды, компания мен қызметкерлер арасындағы қолданыстағы келісім-шарттарды қарау керек. Мүмкін, шарттарда мұндай жабдықты пайдалану, мысалы, қызметтік мүдделерді қорғау мақсатында қарастырылғаны айтылған шығар.

- Ал жасақтаманы тек корпоративтік телефондарға ғана емес, басқасына да қол жеткізе алатындай етіп бағдарламалауға бола ма?

– Әдетте, серверлердегі бағдарламалық жасақтама компанияның қауіпсіздік қызметіне көмек ретінде орнатылады, тіпті бұл жағдайда да корпоративтік құрылғылардан бөлек жеке құрылғыларына кіру үшін пайдаланушылардан рұқсат алу қажет.

Бұл техникалық маманның пікірі еді. Ал, атыраулық адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ ешқандай келісім жеке хат алмасу құпиясына араласуға негіз болмайтынына сенімді:

– Жеке компанияда өз қызметкерлерін осылай бақыламақ болған жағдайдың өзі түсінбестік туғызады. Өйткені жеке өмірге қол сұғылмаушылық, жеке құпия, хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошталық және басқа да хабарламалар құпиясы - конституциялық норма. Бұл қылмыстық заңмен қорғалған адамның және азаматтың құқықтары. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен: прокурор санкция берген арнайы жедел-іздестіру шаралары немесе сот санкциялаған жасырын тергеу әрекеттері шеңберінде ғана жол беріледі. Менің ойымша, бұл жасырын түрде, тіпті электронды ақпараттық ресурстарға заңсыз қол жеткізу немесе телекоммуникация желілері арқылы берілетін ақпаратты заңсыз ұстап алу арқылы ақпарат алуға арналған арнайы техникалық құралдарды қолдануды білдіреді. Бұл прокурор назарына әбден лайық.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

16 қараша 2022, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.