Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы былтыр 82 нысанға мемлекеттік аудит жүргізген кезде 24,3 млрд теңге көлемінде бюджеттік және басқа да бірқатар заңнама талаптарын бұзу деректері анықталды. Мемлекеттік аудит жалпы 45 млрд теңге бюджет қаржысын қамтыған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Равиль ТӨЛЕБАЕВ хабарлады.
Тексерушілер 20,2 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғанын анықтаған. Тағы 2 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған. Қалған 2,1 млрд теңгесі қаржылық бұзушылық деп танылған.
Еске салайық, 2021 жылы 113 нысанға жүргізілген мемлекеттік аудит кезінде 97 млрд 804 млн 863,4 мың теңге қамтылып, 2 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталған.
Төлебаевтың баяндамасынан білгеніміздей, қаржылық бұзушылықтың 1,6 млрд теңгесі бүгінде қалпына келтірілген.
Бұдан бөлек, Төлебаев қай заңнама талаптарын жиі бұзылып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, Бюджет кодексі талабының сақталмауынан 22 млрд теңге; бухгалтерік есептілікті жүргізу қағидасы талабының сақталмауынан 1,5 млрд теңге; қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидалары талабының сақталмауынан 91 млн теңге; Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптары сақталмауынан 68 млн теңге, Жер кодексі талабының сақталмауынан 43 млн теңге; Салық кодексі талаптарының сақталмауынан 17 млн теңге және Мемлекеттік сатып алу заңнамасы талабының сақталмауынан 15 млн теңге қате рәсімделген.
Былтыр Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бес нысанына жүргізілген мемлекеттік аудит кезінде Бюджет кодексінің, «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Заңының, «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларының», «Есеп саясатының» және «Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларының» талаптары бұзылғаны анықталып, оның көлемі 213 млн теңге болған. Оның ішінде 188 млн теңге қаржылық бұзушылық, 24,7 млн теңге тиімсіз пайдаланылған.
Бұдан соң Төлебаев бұзушылықтардың негізгі себептеріне тоқталды.
- Есеп қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамаған, заңнама нормаларын сақтауына басшылықтың тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген. Қаржылық есептілікті жасау кезінде көптеген шоттардың (негізгі құралдар, тауарлық-материалдық қорлар, дебиторлармен және кредиторлармен есеп айырысулар және т.б.) қажетті түгендеулерін жүргізбеген. Өзара есеп айырысуды салыстыру актілері жасалмаған, - дейді Р.Төлебаев.
Денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын тексерген кезде мынадай кемшіліктер анықталған: дәрігерлер бір мезгілде бірнеше денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет көрсетеді; басқарма тарапынан жас мамандарға берілген әлеуметтік қолдау шараларының нақты өтелуі бойынша мониторинг жүргізілмеген; аудандық ауруханаларда реаниматолог, акушер-гинекологтар жетіспейді; білікті эпидемиологтардың жетіспейді; тегін медициналық көмекке қол жеткізу деңгейі төмен.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласына, жүргізілген аудит нәтижесінде 3 млрд теңгенің бұзушылығы анықталған. Оның ішінде қаржылық бұзушылық 1,7 млрд теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 1 млрд теңге және тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 625 млн теңгені құраған.
Заңнама талаптарын бұзған 130 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 89 адамға ескерту, 39 адамға сөгіс, екі адамға қатаң сөгіс берілген. Уәкілетті органдарға шара алу үшін 127 әкімшілік іс қозғалып, 72 жеке және заңды тұлғаға жалпы сомасы 6 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.
- 2021 жылғы Атырау қалалық жер қатынастар бөлімінде жүргізілген аудит қорытындысымен жер учаскелерін сатып алушылар 120 млн теңгенің жалған түбіртегін ұсынып алаяқтық жасағаны анықталды. Аталған құқық бұзушылық бойынша 2 тұлға 2022 жылы қазан айында сот шешімімен кінәлі танылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бүгінгі күні аталған факт бойынша бюджетке кінәлі тұлға тарапынан 66,5 млн теңге бюджетке өтелді. Бұрын, тексеру комиссиясы құзырына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама кірмеген болса, енді біздің осындай құзырымыз бар, - деп атап өтті Төлебаев.
Айнұр САПАРОВА