Бүгін, 26 желтоқсанда түстен кейін Атырауда бірнеше ондаған тұрғын үй жылусыз қалды. Әңгіме Нұрсая ықшамауданы туралы болып отыр.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Айдулат КЕНЖЕБЕКОВТІҢ айтуынша, жалпы ұзындығы 3045 метрді құрайтын «магистральдық жылу құбырында ақаудың табылуына байланысты» 87 көпқабатты тұрғын үйге және №40 мектепке жылу беру уақытша тоқтатылды. «Атырау жылу жүйелері» АҚ қызметкерлері жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Қандай ақау және оның қалай пайда болғаны туралы бізге әзірге жауап берген жоқ. Ал, Нұрсая тұрғындарының көпшілігі тоңып отыр. Ал мұндай төтенше жағдай осы қыста бірінші рет болып отырған жоқ: желтоқсанның басында автономды қазандықтағы қазанның істен шығуына байланысты сол Нұрсаядағы тоғыз үйдің тұрғындары түнді жылусыз өткізді.
Қазіргі жағдайға келсек, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек МҰХАНБЕТАЛИЕВ «АЖ» сауалына қазіргі уақытта ақау жойылды деп жауап берді:
- Дәнекерлеу жұмыстары аяқталды, жылу беруге кірісеміз.
Айнұр САПАРОВА