8 желтоқсанда Махамбет ауданында малдың таза табиғи жүнін өңдеп, көрпе тігіп, басқа да бұйымдар жасап отырған «Дәулет» жүн өңдеу цехы өртеніп кетті. Жақында бұл цех туралы жазғанбыз. «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы арқылы 2 миллион теңге қайтарымсыз несиге ашылған цех екі жыл жұмыс істеді. Қазір орны да жоқ.
Цех иесі Амангүл ЖҰМАҒҰЛОВА үшін бұл, әрине, ауыр соққы.
- Барлығы көз алдымда болды. Жұмыс уақытының аяғы болатын. Тігін машиналарын сөндіріп, жинақталып жатқанда электр сымдарынан от жарқылдап, жүнге түсті, - дейді Амангүл. - Өрт сөндірушілер уақытылы келгенмен ашық өртпен 10 сағат арпалысып, таңға жақын өшірді. Бірақ ішіндегі техникалардың, жүн мен дайын өнімдердің барлығы өртеніп кетті. Дегенмен адам шығыны болмай, Алланың дүниемен сынағанына да шүкірлік етемін. Енді бәрін қайта бастау керек...
Амангүл өртенген цех салдарынан 5 млн шығынға ұшырады. Осы жағдайға байланысты әлеуметтік желі арқылы халықтан қаржылай көмек те сұрапты. Алайда қаржы аз жиналып тұр.
- Кәсібімді қайта қолға алып, аяқтан тұрып кетуіме көмек болар ма екен, деп аудан әкімдігіне де бардым. Қазір жыл аяқтала келді, келер жылдың еншісінен көреміз деп шығарып салды. Ең бастысы тәжірибеміз бар және сұраныс та жоғары. Тек кішкене демеп жіберсе болғаны, - дейді Амангүл.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ