Атырау қалалық әкімшілік соты Ресейден келген көше музыканттарының шағымын қарап, полиция қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп таныды.
Еске салсақ, бұл оқиға қазан айының ортасында кешкі уақытта жағалауда болған. Патрульдік полиция гитараның сүйемелдеуімен ән айтып жатқан жастарды - ресейлік Владислав ПОДГОРНЫЙ мен Никита ЕВСЕЕВКЕ ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабына сәйкес («Қоғамдық орындарда тиісу») хаттама толтырған.
Көше музыканттарын «қайыршылық» үшін жауапқа тартудың күмәнді тәжірибесі Қазақстанда ковидке дейінгі кезден бері бар. Алайда, бұл жағдай Атырауда алғаш рет болып отырғандықтан, Нұрлан ЖОЛБОЛОВ қызығушылық танытып, жігіттерге тегін заңгерлік көмек көрсетіп, сотта олардың мүддесін қорғады.
Процесс (отырысқа «АЖ» тілшісі қатысты) қысқа уақыт болды. Судьялар Алмагүл ЕРҒАЗИЕВА мен Айгүл ЕЛУБАЕВА әкімшілік іс материалдарын талап етіп, хаттама толтырған полиция қызметкерлерін куәлікке шақырды.
Отырыс барысында («заң бұзушы» екеу болғандықтан екі отырыс болды) бірқатар процессуалдық бұзушылықтар анықталды. Мысалы, тәртіп сақшылары 449-баптың бөлігін дұрыс қолданбай, хаттаманың көшірмесін бермеген, құқықтарын түсіндірмеген, адвокат ұсынбаған... Ал музыканттар тиіскен-мыс жәбірленушіден (егер болған жағдайда) түсініктеме әкімшілік істе шетелдіктерге хаттама толтырылғаннан кейін, яғни, іс жүзінде кейінгі датамен пайда болған.
Полиция қызметкерлері жалпы өз кінәсін жоққа шығармады, нәтижесінде сот олардың жауапқа тарту әрекеттерін заңсыз деп тапты. Бұдан басқа, облыстық полиция департаментіне «іс бойынша анықталған әкімшілік заңнама нормаларын өрескел бұзу фактілеріне назар аудару... және қабылданған шаралар туралы хабарлау» жөнінде жеке қаулы шығарылды.
Бірақ ең бастысы – көше музыканттары осы бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық субъектісі боп табыла ма, ақыры анықталмаған күйде қалды. Егер белгілі бір мамандарға ғана қызықты әрі түсінікті құқықтық тәсілдерге үңілмесек, судьялар ресейліктердің кінәлі/кінәсіздігі туралы мәселені шешпестен, салынған айыппұлды жай ғана «алып тастады».
– Құқықбұзушылықты дұрыс ресімдеуді білмейтін, құқықтық сауатсыз полицейлердің кесірінен сотта әділдік салтанат құрды. Ал заң, мәдениет пен парасаттылық ше? – дейді Н.Жолболов. – Қайталап айтамын, бұл бап көше музыканттарына мүлдем қатысты емес, әйтпесе ашық аспан астындағы кез келген концертті осы бапқа бейімдеуге болады. Сондықтан менің қорғалушыларымның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп есептеймін. Әкімшілік соттың қаулысына қатысты апелляциялық сатыдағы сотқа шағым түсірілді. Жалпы, осы жігіттерді мысалға ала отырып, еліміздегі барлық көше музыканттарының құқығын қорғауға тырысамыз, олар басқа жақтан келгендер ме, әлде жергілікті тұрғындар ма, маңызды емес.
Лев ГУЗИКОВ