Атырау, 29 қараша 02:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Біз қайыршы емеспіз!». Атырауда ресейлік көше музыканттарына айыппұл салынды

1 392 просмотра
Көрнекі сурет

Атырау қаласының әкімшілік сотында ресейлік көше музыканттарын «Қоғамдық орындарда тиісу» бабы бойынша жауапқа тартуға қатысты бұрын-соңды болмаған іс қаралады.

Қыркүйектің аяғында «ішінара мобилизациядан» қашқан Ресей азаматтарының легі Атырауға аяқ басқанда, қалалық субмәдениетте жаңа құбылыс – көше музыканттары пайда болды. Солардың бірі, Симферополь қаласынан келген виртуоз скрипкашы Эмир СУЛЕЙМАНОВ бастапқыда кешкісін облыстық әкімшілік жанындағы жағалауда ойнаса, бір аптадан кейін М.Өтемісұлы атындағы драма театрының сахнасында концерт қойды. Енді Қазақстанға гастрольдік сапармен шығуды жоспарлап отыр.

Ал оның әріптестері - волгоградтық музыканттардың жолы болмады. «Тамаша» күндердің бірінде олардың жағалауда көрсеткен өнері 449-шы «Қоғамдық орындарда тиісу» әкімшілік бабы бойынша полиция хаттамасын толтырумен аяқталды.

- Атырауға келе сала гитарамен ән айтуды бастадық. Үнемі бір жерде – шипажай жанында ән салатынбыз. Бірақ 15 қазан күні кешке полиция қызметкері Қазақстанда бұлай жасауға болмайтынын айтып, ол жерден кетуімізді өтінді, - дейді Владислав ПОДГОРНЫЙ. – Әрине, біз аздап таң қалдық – екі апта бойы жайбарақат әнімізді айттық, ешқандай ескерту жасалмады. Бірақ біз бұл жердің басқа ел, өз заңдары бар екенін жақсы түсінеміз, сондықтан дереу жиналып, сол жерден кетіп қалдық. Мәселен, Ресейде бұл үшін көшеде өнер көрсетуге және өтіп бара жатқандардан ерікті сыйақы алуға тыйым салынбайды, тек Мәскеу мен Санкт-Петербургте биліктен арнайы рұқсат қажет.

Жастар жағалаудан кетіп үлгермеді. Бірнеше минуттан кейін сол полиция қызметкері серіктесімен оларға жақындап, олардың үстінен шағым түскенін айтты. Одан әрі қарай полиция бөлімшесінде РФ азаматтарын тінтіп, тіпті ұялы телефондарын ұрлау фактілері бойынша тексерген.

– Сол жерде біз интернеттен бізге айып тағылып отырған Әкімшілік кодекстің 449-бабын оқып, ешкімге тиіспейтінімізді, ақша талап етпейтінімізді, қойған бағамыздың жоқтығын, тек қалаған адамдар тиын-тебен тастайтын гитара қабы бар екенін түсіндіруге тырыстық. Музыка біз үшін - қосымша ақша табу мүмкіндігі ғана емес, эмоциялар, өз болмысыңды таныту... Ол бүгінгі күнді бастан өткеріп, әлемге басқаша қарауға көмектеседі, - деп Никита ЕВСЕЕВ әңгімеге қосылды. - Бұған полиция: «Сіздер жағалауда отырсыздар, адамдар сіздердің қастарыңыздан өтуге мәжбүр, олар сіздердің музыкаларыңызды естиді, бұл қолайсыздық тудырады, сондықтан бұл тиісу болып саналады» деді.

Бұл ретте музыканттарға олардың адвокатқа құқығы, жасалған хаттамаға шағымдану мүмкіндігі түсіндірілмей, тек айыппұл төлеу үшін берілген түбіртекті суретке түсіруге рұқсат етілген. Бірақ олар жасалған құқықбұзушылыққа қатысты кінәларын мойындамады.

Бұл туралы әлеуметтік желіден білген тілшіңіз оны қала қонақтарының өз аузынан естіді. Әрі қарай ғаламтордан Әкімшілік кодексте «Қоғамдық орындарда тиісу» деген бап алғаш рет 2015 жылы пайда болғанын, содан кейін Қазақстан полициясының көше музыканттарын қайыршылар санатына жатқызғаны туралы білдік. Көптеген қалада (Алматы, Астана, Қарағанды, Семей және т.б.) тәртіп сақшылары оларды белсенді түрде қудалап, айыппұл салған немесе ескертумен шектелген. Бірақ сотта ешкім бұл айыппұлдарға шағымданбаған.

449-бап. Қоғамдық орындарда тиісу

1. Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру –

      жеке тұлғаларға ескерту жасауға не бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –

      он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, шетелдік не азаматтығы жоқ адам жасаған әрекеттер –

      бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.

Түсініктеме алу үшін «АЖ» тілшісі адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВҚА жүгінді, ол тек кәсіби қызығушылықпен қала қонақтарына тегін көмек көрсетуді жөн көрді.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабын мұқият оқып шығыңыз. Мұндағы негізгі сөздер - белгілі бір пайда алу мақсатында «мазалау», «тиісу», «тықпалау» болып табылады. Әкімшілік жауапкершілікке тарту процедурасының өзі заң бұзушылықпен жүргізілгенін айтпағанда, бұл жігіттердің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп есептеймін. Мәселен, хаттаманың көшірмесі берілмеген, олар тіпті қандай баптың қай бөлігімен толтырылғанын да білмейді. Басқа да айқын заң бұзушылықтар бар, – дейді Н.Жолболов. - Сонымен қатар, бұл бап көше музыканттарына мүлдем қатысты емес, әйтпесе ашық аспан астындағы кез келген концертті де осы бапқа жатқызуға болады.

Тағылып отырған құқық бұзушылық белгілі бір пайда алу мақсатында азаматтардың мазасын алып тиісу, түрлі қызметті күштеп таңуды білдіреді. Ал бұл шығармашылық қызметтің түрі ретінде көшеде музыканттың өнер көрсетуіне еш сәйкес келмейді. Ал ақша тастау - бұл өтіп бара жатқан әрбір адамның жеке және өз еркіндегі ісі.

Жалпы, әлемнің кез келген дамыған елінде полиция көше музыканттарымен күреспейді, оларға айыппұл салмайды. Шетелде, әсіресе Еуропа қалаларында көше музыкасы-би мәдениеті дамыған, ал билік, керісінше, оны көтермелейді. Көше музыканттары белгілі бір жағымды атмосфера жасайды, жүргіншілердің көңіл-күйін көтереді. Олар қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді, қалалардың бейнелі келбеті саналады, - дейді адвокат.

Шетелдіктер адвокатпен кездеспес бұрын өз бетінше хаттаманың көшірмесін полицейлерден алмақ болған. Алайда, оны рәсімдеген қызметкер учаскелік полиция қызметкері баратынын, көші-қон полициясы арқылы тексеретінін айтып, қорқытудан артық ештеңе ойлап таппаған (телефон әңгімесінің аудиожазбасы бар). Соңында хаттаманы алу үшін қалалық полиция басқармасына келуді сұрайды, бірақ ресейліктер тәуекел етпеген. Қазір олар әкімшілік іс бойынша өндірісті қайтарып алу өтінішімен, сондай-ақ айыптауды заңсыз деп тану туралы шағыммен сотқа жүгінді.

Мұндай ерекше істі қарау ертеңге жоспарланған және оның қалай болғанда да Атырауда үлгі болары анық.

Лев ГУЗИКОВ

2 қараша 2022, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.