27 қарашада Құрманғазы ауданы Азғыр өңірінің ауыл шаруашылығының бір топ фермерлері жемшөптің қымбаттығына байланысты субсидия төлеу және өңірге төтенше жағдай жариялау керектігі жөнінде облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, өз талаптарын қойған болатын.
- Биыл жауын-шашын өте аз болып, шөп бағасы екі есеге қымбаттап кетті. Жемшөп бағасының екі есеге дейін өсуі шаруашылығымызды дамытуға кері әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне киіктер де көбейіп, жайылымдық жерді отап болды. Өңір адамдары тек малмен күн көруде, бізде басқалай жұмыс көзі жоқ. Сол себептен екі талаппен келіп тұрмыз, Азғыр өңіріне ТЖ жариялау және ірі сабақты шөпке субсидия төлеу, - дейді шаруалар.
Олардың айтуынша бір орам шөп бағасы 15 мың теңгеге дейін көтерілген. Бұл тек малмен күнелтіп отырған ауыл тұрғындарына қиын соғып тұр Осылайша тығырыққа тірелген шаруалар аудан әкімдігінен қайран болмағасын 600 шақырым жердегі облыс әкімдігіне көмек сұрап келді.
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облысы малшылары үшін ірі сабақты шөпке субсидия төленбесін деген бұйрығы шықты. Шөптің басым бөлігін азғырлықтар 90-100 км жердегі Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасынан дайындап немесе сатып алып жүретін. Бөкей ордасы ауданында жауын-шашынның болмауына байланысты ТЖ жарияланды. Бұдан бұрын да Азғыр өңірінде ( Асан, Азғыр, Сүйіндік округтері) БҚО-дағыдай шөп қымбаттығығына байланысты субсидия төлеу және ТЖ жариялау жөнінде жазған болатын.
Ал Азғыр өңіріне ТЖ жариялауды 17 қазанда арнайы құрылған комиссия шешеді деген болатын. Алайда комиссия мүшелері ТЖ жариялауды қажет деп таппапты.
- Облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналғандарды облыс әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан БИСЕМБИЕВ шақырып алып, ірі сабақты шөпке субсидия беру желтоқсан айынан жүзеге асатынын, ал ТЖ жарияланады деді. Жыл аяқталып қалды, қайткенде біз субсидия алмай шаруамыз алға баспайды, өйткені күлдей шығынға батып отырмыз. Субсидияға баз ашылған жоқ, біздің қажетті құжатымыз түгел, - дейді фермерлер атынан Думан МЕҢДЕШ.
«АЖ» тілшісі облыста ауыл шаруашылығы мәселесіне жауапты облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВКЕ хабарласқан болатын.
- Азғыр өңіріндегі жағдайға қанықпын. Өңірге ТЖ жариялау туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен ақылдасып жатырмыз. Субсидия төлеу жайы да ойластырылып жатыр, - деді ол.
Құрманғазы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Марат ХАСАНОВ Азғыр өңірінде жемшөп дайындау 90 пайызға орындалып тұрғанын айтты.
АЖ анықтамасы: Азғыр өңірінде 153 (Сүйіндікте 59, Азғырда 56, ал Асан округінде 38) фермер бар. Өткен жылы аудан бойынша 51 шаруа қожалығы 209 млн теңге ірі сабақты шөпке субсидия алған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА