
Астанада тонау, ұрлық және алаяқтықтың бірнеше дерегіне қатысы бар екі кәмелетке толмаған жасөспірімге үкім шығарылды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын үш миллион теңгеден асты. Бұл туралы елорданың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 26 наурызда бір топ жасөспірім өздерінің бірін бұрын ұрып-соққан жігітпен есеп айырысу үшін Koktal сауда үйіне келген. Фудкорт аумағындағы жанжал жаппай төбелеске ұласып, салдарынан үш адам соққыға жығылып, келушілер арасында дүрбелең туындаған.
Сәуір айында кәмелетке толмаған екі жасөспірім пышақ пен телескопиялық шоқпар көрсетіп қорқыту арқылы басқа жасөспірімнің құны 341 мың теңгеден асатын смартфонын тартып алған. Кейін олар телефонды сатып жіберген.
Сәуір мен маусым айлары аралығында жасөспірімдер телефон соғу сылтауымен бірнеше рет бөтен адамдардың смартфондарын иемденген немесе жәбірленушілердің қолынан ашық түрде жұлып алған.
Оқиғалардың бірінде кәмелетке толмаған жасөспірім танысының депозиттік шотынан Kaspi қосымшасы арқылы 620 мың теңге ұрлаған. Тағы бір жағдайда жасөспірімдер Бурабай ауданындағы дүкен сатушысынан iPhone 15 Pro смартфонын ұрлап, оның шотынан 237 мың теңге шешіп алған. Бұл эпизод бойынша келтірілген жалпы шығын 837 мың теңгені құрады.
Сотталушылардың екеуі де өз кінәларын толық мойындап, өкінетіндерін білдірді. Олардың біреуі бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған.
Сот әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал сауда үйіндегі төбелеске қатысқан тағы үш кәмелетке толмаған жасөспірім жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оларға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын өтелді.
В Атырау +0.8