
Атырау облысында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған ауыл шаруашылығы құрылымдарының, кәсіпорындардың өкілдері, сондай-ақ сала ардагерлері қатысты.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов сала өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – еліміздің маңызды міндеттерінің бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығына цифрлық технологиялар белсенді енгізіліп, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда және өндірістік қуаттар кеңейтілуде. Мұның бәрі саланың дамуына және тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – деді Болат Ақшолақов.
2026 жылғы қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 139,1 млрд теңгені, ал нақты көлем индексі 102,5%-ды құрады. Саланы қолдауға 6,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Болат Ақшолақов Мемлекет басшысының атынан ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне көп жылғы еңбегі мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.
«Құрмет» орденімен Сейтжан Балжиғитов марапатталды. Сабыржан Сұлтановқа «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен Айтқали Қабибуллин мен Амангелді Әбілов, ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен Андрей Кан марапатталды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгілері, алғыс хаттар, «Ауыл шаруашылығының үздік қызметкері» наградалары, сондай-ақ облыс әкімінің хаттары табысталды.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
В Атырау +0.8 





