
Жағалауды бейресми түрде қалай ашуға болады және неліктен миллиардтаған қаржы жұмсалған нысанда қабылдау аяқталмай жатып пайда болған жарықтар сыланып жатыр? Атырау облысының Махамбет кентінде қымбат жағалауға қатысты жағдай жалғасып жатыр. Құрылыс сапасына қатысты сұрақтар күннен күнге көбейіп келеді.
Еске сала кетсек, нысан биыл мамырда салтанатты түрде ашылғаннан кейін тұрғындар алғашқы ақауларды байқаған: тас төсем шөгіп, жағадағы жақтау маңында ойықтар мен бос қуыс пайда болған.
«Ақ Жайық» редакциясы жағдайды зерттей келе, ұзындығы 4,5 шақырым болатын жағалаудың бес жылдық құрылысына бюджеттен 17,8 млрд теңге жұмсалғанын анықтады. Сонымен қатар нысан әлі күнге дейін пайдалануға ресми түрде қабылданбаған. Ал нақты жауап табылмаған сұрақтардың қатарында – қабылдаудың заңдылығы, анықталған кемшіліктер үшін жауапкершілік және жағалаудың одан әрі тағдыры бар.
Енді біз осы мәселеге қайта оралып, алдыңғы «Махамбетте жаңа жағалау қирай бастады», «Махамбет жағалауы: 17,8 млрд теңге, ақаулар және пайдалануға берілмеген нысан» атты жарияланымдардан бері не өзгергенін анықтауды жөн көрдік.
Ауыл тұрғындары жаңа жағалаудың жақтауларында көптеген жарық бар екенін, оның ішінде ашық жарықтар да кездесетінін хабарлады. Оларды жою үшін жұмысшылар жақтауды бірнеше рет цемент ерітіндісімен мұқият сылаған. Алайда кемшіліктерді жасырып-жабу жағдайды түземейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жарықтардың саны артып, олардың ені біртіндеп кеңейіп келеді.
«Белгілі бір аралықпен орналасқан жарықтар мен басқа да ақаулар жағалаудың апатты екенін дәлелдемейді, бірақ тексермей тұрып бәрін тек шөгіп кетті деп түсіндіру де дұрыс болмас еді. Дегенмен құрылыс сапасы мен конструкцияның жай-күйін тексеруге негіз бар! Мұндай ұзындықтағы, ашылған және сол жердің бетоны бұзылған жарықтарға техникалық баға беру қажет, – дейді құрылыс саласында көпжылдық тәжірибесі бар, аты-жөнін атамауды жөн көрген сарапшы. – Олардың жобадағы температуралық-шөгу немесе жұмыс жіктерімен сәйкес келетін-келмейтінін, арматуралауды, бетонның беріктігін және іргетасының жай-күйін тексеру керек. Жарықтардың ашылуын бақылау үшін маяктар немесе өлшеу датчиктерін орнатып, себебін, қауіп дәрежесін және жөндеу тәсілін көрсете отырып техникалық қорытынды жасау қажет. Себебін анықтамай жарықтарды ерітіндімен жай ғана сылап тастау, жалпы айтқанда, жеткіліксіз».
[GALLERY]
Махамбет ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жағалауды қабылдау рәсімі әлі аяқталмаған. Бас мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ атқарушы құжаттаманың толық топтамасын әлі тапсырмаған, ал компания алдындағы 2,5 млрд теңге көлеміндегі кредиторлық берешек өтелмеген күйі тұр. Сонымен қатар нысан қазірдің өзінде жағалау құрылысына тапсырыс беруші болып табылатын аталған бөлімнің теңгерімінде тұр. Құжаттардың толық пакетінсіз жағалау теңгерімге қалай қабылданғаны белгісіз.
Аудандық әкімдік мамырда жаңа жағалауды пайдалануға беруді емес (қабылдау актісінсіз нысанды пайдалануға беру заңсыз. – Авт.), тек қоғамдық кеңістіктің ашылуын атап өткенін алға тартады. Ұғымдарды осылай алмастырумен қатар, ауыл шенеуніктері жауапкершілікті жағалауды тезірек ашуды бірнеше рет сұрады-мыс делінген махамбеттіктердің өзіне артпақ болған.
Барлық ақауды жою «Павлодар өзен порты» қаражаты есебінен кепілдік міндеттемелер аясында жүргізілген. Соның ішінде мердігер есебінен жарықтар да сыланған – бұл, көрсетілгендей, жобалық шешімдерде қарастырылған екен.
«Нысанда техникалық қадағалау жүргізіліп жатыр. Анықталған кемшіліктер бойынша мердігер ұйымға тиісті талап қойылды, олардың орындалуы тапсырыс берушінің бақылауында, – делінген аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Асылхан Шәкімов қол қойған редакция сауалына берілген жауапта. – Қосымша сараптамалар тағайындау үшін құқық қорғау органдарына жүгіну қазіргі кезеңде қажет емес деп саналады, өйткені нысан әлі пайдалануға қабылданған жоқ. Қабылдау рәсімі аяқталғанға дейін кемшіліктерді жою жауапкершілігі мердігер ұйымға жүктеледі. Нысанның жай-күйін техникалық бақылау жалғасып жатыр».
Тағы бір мәселе: жағалау құрылысы кезінде жойылған ағаштардың орнына уәде етілген жаңа көшеттерді ешкім әлі көрген жоқ. Аудандық әкімдік жағалаудың бойымен велосипед жолы өтетінін ескере отырып, оларды қайда отырғызу керегін іздестіріп жатқанын айтады. Ал жолдың өзі «Махамбет ауылында автомобиль жолын салу» жобасы аясында қарастырылып отыр, оның 4-кезеңі сараптамада жатыр. Жобаны демеушілік қаражат есебінен іске асыру пысықталуда. Жағалауды көгалдандыруды аудандық әкімдік «отырғызуға ең қолайлы кезеңде» – 2027 жылдың көктемінде жоспарлап отыр.
Махамбет жағалауының тарихы болмағанды болды деп көрсетуге тырысқанға көбірек ұқсайды. Көздің жауын алатын ашылу сәті өтті, ал жұмсалған қаражатқа сай толыққанды нысанды тұрғындар әлі көрген жоқ. Жарықтарды сылап тастауға, ыңғайсыз сұрақтарды кепілдік міндеттемелер аясына бұруға, ал ағаш отырғызуды бір жылға кейінге қалдыруға болады. Бірақ мәселенің өзін шексіз сылап-сипап қоюға болмайды.
17,8 млрд теңге тұратын нысан үшін махамбеттіктер уәде мен косметикалық жөндеуге емес, сапалы, қауіпсіз және ресми қабылданған жағалауға үміт артуға толық құқылы. Ең бастысы – косметикалық түрде сыланған жарықтар жай ғана сыртқы кемшілік емес, конструкциядағы күрделі ақаулардың белгісі болып шықса, кім жауап береді?
Ресми түрде қабылданбай жатып жөндеуге тура келетін жағалау үшін 17,8 миллиард – тым жоғары баға.
Лев ГУЗИКОВ
Сурет/видео: Махамбет кентінің тұрғындары
В Атырау +0.8