Атырау облыстық полиция департаментінің кинологиялық орталығы ҚР Ішкі істер министрлігіндегі әріптестерінің аймақтағы тәртіпті күнделікті күзететін иттерді видеоға түсіріп алған флешмобты жалғастыруды қолға алды.
Видеоға ең батыл әрі қайсар неміс және бельгиялық овчарка, лабрадор мен спаниелдер түсірілді. Кинологиялық орталықта барлығы 15 қызметтік итті тоғыз кіші инспектор-кинолог дайындайды.
«Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде таптырмас көмекшілер», - дейді Атырау облыстық ПД кинологиялық қызметтің бастығы, полиция майоры Ринат ЕРЖАНОВ. - Біздің «қызметкерлерді» төтенше жағдайда шақырған кезде, олар арнайы жабдықталған көліктермен оқиға орнына дереу жеткізіледі».
Кинологтар айтқандай, ең алдымен психологиялық факторға - иттер мен олардың жаттықтырушыларының үйлесімділігіне ерекше көңіл бөлінеді. Бір қызығы, иттің темпераменті де адамдар секілді төрт түрге бөлінеді: сангвиник, холерик, флегматик және меланхолик. Сондықтан кинолог пен қарамағындағы қызметтік иттің мінезі сәйкес болуы керек.
Айта кетсек, сангвиник ит команданы тез меңгереді және оған бірден әрекет жасайды, олардың осындай жылдамдығы тез әрекет ететін жағдайда таптырмас көмек. Меланхолик иттер сабырлы келеді, олар мысалы, жарылғыш заттарды анықтауға өте ыңғайлы.
Кинологиялық қызметте үш жылдан астам қызмет етіп келе жатқан орталық мамандарының бірі Жасұлан ЕЛЕУОВ өз қарауындағы Асти есімді еуропалық авчарка туралы айтып берді.
Асти із кесуші
Овчарка бірнеше рет полиция қызметкерлеріне ұрлық, тонау фактілерін ашуға көмектесіп, тіпті жоғалған адамдарды да тауып берді.
Осындай оқиғалардың бірі қазан айының аяғында орын алды.
Сағат 12:10 шамасында Исатай аудандық 102 бөлімінің оператор пультіне 1976 жылы туған аудан тұрғыны жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Анықталғандай, ол үш күн бұрын Айбас ауылындағы үйінен мал іздеп шығып, оралмаған.
«Бірден іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жанармайы таусылған мотоцикл табылды. Ол Атырау қаласы бағытына қарай тұрғылықты жерінен 30-40 шақырымдай жерде қалған, - дейді Жасұлан. - Асти мотоциклде жатқан киімнің иісі бойынша ізге түсті. Жоғалған адам Исатай ауданынан 270 шақырым жерде орналасқан Батыс Қазақстан облысының Жаңғала ауылында табылды. Астидің иіс сезу қабілеті мен дағдыларының арқасында ер адам сау, ештеңеғе ұшырамай табылды».
Хан – есірткі қылмысымен күреседі
Хан деген аты бар спаниель төрт жылдан бері полицияда қызмет етеді, ол ит бүкіл кинологиялық қызметтің мақтанышы. Өйткені, биылдың өзінде Хан 30-ға жуық заң бұзушылықты анықтауға көмектесті, оның ішінде төрт келіге жуық есірткі затын тауып алды.
Хан кинологпен бірге пошта бөлімшесіне келіп түсетін сәлемдемелерді тексеруге қатысады. Иіс сезу қабілетінің арқасында полиция иті қазіргі заманғы құрылғыларды қолданғанда да байқалмай қалуы мүмкін күдікті заттарды тез анықтай алады.
Полиция департаментінің мәліметіне сай, Ханның жұмысы күдікті пакеттерді полицияға хабарлаған пошта бөлімшесінің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалудан басталады. Белгілі болғандай, мұндай күдікті заттар жиі пайда болады. Пошта қызметкерлері хабарласқаннан кейін оқиға орнына кинолог, қызметтік ит және есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлерінен құралған команда келеді.
Ханның міндеттеріне сондай-ақ мектептер мен колледждердегі студенттерге есірткі туралы дұрыс бағытта тәрбие беру жұмыстары кіреді. Әдетте спаниельдерге тән мейірім мен қуаныштың арқасында Ханды жиі оқу орындарына апарады, онда ит балаларға өзінің жақсы ниеті мен әдепті тәрбиесін ғана емес, сонымен бірге тыйым салынған заттарды қалай табатынын да көрсетеді. Спаниэль мен оның әріптесі кинолог Эльдар ТАУТЕНОВ бұл жасөспірімдердің болашақта есірткіге қызықпауына ықпал етеді деп үміттенеді.
Иттер қалай үйретіледі
Кинологтардың айтуынша, жаттығу - қажырлы еңбек: командаларды орындау, кедергілерден өту және иіс арқылы адамдарды немесе заттарды іздеп табу. Жаттығу күн сайын бірнеше сағат бойы өтеді.
Әдетте, жануарлар белгілі бір иттің қандай «кәсіппен» айналысатынына байланысты күшік кезінен бастап қызмет етуге дайындалады. Егер оның міндеттіне адамды іздеу кіретін болса, онда тапсырмалар да дәл осы принцип бойынша қалыптастырылады. Болашақта есірткі немесе жарылғыш заттарды табу керек болса, сол затты әртүрлі жағдайларда танып, табуға үйретеді.
Дегенмен, иттерді үйрету адам қызығатын ойын секілді. Кинологтар кішкентай балаларды үйреткен сияқты, яғни жаттығуды ойын түрінде өткізуге тырысады. Тапсырмаларды сәтті орындағаны үшін иттер өздеріне тиесілі тәтті тамағын немесе сүйікті ойыншығын алады. Бірақ қызметтік иттерге арналған ең маңызды мақтау, әрине, оған тағайындалған кинологтың оның ойынша, оның шынайы иесінің сүйіспеншілігі.
…Олар қызметтік иттер болса да, тәні ит болғасын, оларға өздеріңіз білетіндей, қашан да өздерін жақсы көретін адам керек.
"АЖ" анықтамасы
Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен облыста 250-ге жуық қылмыс ашылды, оның 30-ы есірткі қылмысына қатысты. Сонымен қатар, жоғалған екі адам табылды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Сурет пен видеоны Атырау облыстық полиция департаменті түсірді