Атырау, 29 қараша 01:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Уәде етілген үй кейінге қалды-2

Сурет
1 534 просмотра

Құлсары қаласында 100 пәтерлік үш, 60 пәтерлік бір үйдің жыры бітер емес. Ашынған тұрғындар бұл үйлер жаңа жылға дейін берілмесе, президентке дейін шағымданатынын жеткізген болатын. 

Жалпы аудан бойынша 2334 адам баспана кезегінде тұр. 2016 жылдан бері Құлсары қаласында жаңа үй салынған жоқ. Сол себептен баспана кезегіне тұрушылар жылдан-жылға көбеюде, алды 10-15 жылдан бері тұр. Аудандық әкімшіліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 360 адам жаңа пәтерге ие болмақшы, оның ішінде 60 пәтер Махамбет даңғылында орналасқан апатты үй тұрғындарына берілсе, қалғаны көпбалалы отбасы және әлеуметтік жағынан осал топ ( жетім, І, ІІ топ мүгедегі, мүгедек бала асыраушы, толық емес отбасы, зейнеткер, созылмалы ауруы бар азаматтар және ардагерлер) санаттарына берілмекші.

Пәтерден пәтер жалдап, жаңа баспананы бірнеше жылдан сарыла, сарғая күткендер «АЖ» тілшісіне мұң-мұқтажын жеткізді.

- Күн суытып, қыс түсуге жақын қалды. Біз бұл үйді асыға күтіп отырмыз, өйткені барар жеріміз, басар тауымыз қалмады. Неге берілмейді бұл үй, былтыр деді, одан биыл дегізді, әлі қолымызға тиер емес. Әлде ақауы бар ма бұл үйдің, ашығын неге айтпайды? Біз күте-күте шаршадық, шыдамымыз бітті, - дейді ашынған аналар.

Жанар есімді келіншек жолдасының қайтыс болғанын, өзінің «Күміс алқа» иегері екенін, бір баласының туабітті сырқаты барын айтады. Майгүл бес баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Кезінде Теңіз кенішінде ауысымдық негізде жұмыс жасаған, бүгінде жұмыссыз, бес  балаға берілетін 50 мың теңге жалақымен өмір сүріп жатыр. Өзінің атын айтудан бас тартқан келіншектің де 5 баласы бар, екеуі туабітті сырқат. Бар тапқан табысын балаларды емдеуге жұмсайтынын жасырып отырған жоқ. Бұлардың бәрі бірнеше жылдан пәтер жалдап жүргендер. Ал мұндай қиын жағдайда жүргендер Құлсарыда жетіп артылады.

ҮЙ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?

«Атырау» ықшам ауданынан салынған бұл үйлердің құрылыс алаңынан ешкімді кездестіре алмадық. Үйлердің подъездері тарс жабық, жым-жырт тыныштықта. Балалар және спорт алаңдары, абаттандыру жұмыстары толық біте келген, талдар егілген. Бес қабатты 100 пәтерлік үш үйдің құрылысын мердігер «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС 2019 жылдан жүргізген болатын. Оған 7 млрд 193 млн теңге жұмсалған. Алайда уақытылы құрылысы аяқталды дегенмен, тапсырылмай тұрғанына бірнеше уақыт өтті. Оның себебін аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ тұрғындармен кездескен жиында үйдің жоғары қабаттарына судың көтерілуі қиындығын, сол себептен 200 текше метрлік резервуар қою арқылы бұл проблеманың шешіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

- Біз аудан әкімінің атына арыз хат жаздық. Бізге 20 қыркүйекте хаттама жолдап, онда анықталған кемшіліктер мен ақауларды «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС-не қалыпқа келтіруге тапсырма берілгенін және қосымша резервуарға сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан оң қорытынды алынғанын мәлімдеген. Қағаз жүзінде бәрі керемет, бірақ қашанғы шыдауға болады? Егер осы жылы жаңа баспанаға қол жетпейтін болса, онда президентке жүгініп, наразылық танытатын боламыз. Басқа амалымыз қалмады, үнімізді естісін, қандай күйде жүргенімізді білсін, - дейді бір топ ана.

Аудандық әкімшіліктің баспасөз қызметінің қосымша хабарлауында былай делінген: «Бүгінгі таңда «Атырау» ықшам ауданында 5 қатарлы 100 пәтерлік үйдің құрылыс жұмысы аяқталды. Алайда сумен жабдықтау жүйесін тексеру барысында су қысымы 4-5 қабаттарға көтерілмеуіне байланысты 200 текше метрлік су резервуарын салу жоспарланды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70 пайызы жасалған, іс жалғасуда. Жұмыс жыл аяғына дейін аяқталып, үйлер тұрғындарға пайдалануға берілетін болады».

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

29 қараша 2022, 12:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.