8 қараша күні Атырау қалалық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді. Сәбилердің 25 жастағы анасы Альбина БИСЕШОВАНЫҢ бұл екінші жүктілігі: екі қыз, бір ұл баланы үйде жас жарымдағы әпкесі күтіп отыр.
Нәрестелер шала болып туғандықтан жансақтау бөліміне ауыстырылып, арнайы инкубаторға жатқызылған. Қыздың салмағы - 1750 г, бойы - 43 см, екінші қыз – 1630 г, бойы – 45 см, ал ұл бала - 1960 г, бойы – 42 см болып туған. 23 жастағы әкесі Мұрат СҰЛТАНОВ әйелінің жағдайы жақсы екенін, өзімен күнде хабарласып отырғанын айтады.
- УЗИ дәрігері үшем екенін айтқанда, қуандық, сосын аман-есен жарық дүниеге келсе екен деп уайымдадық. Бірден есіме осыдан 54 жыл бұрын үшемді дүниеге алып келген әжем еске түсті. Олар туралы кезінде газеттер жазды. Үшемге дейін әжемнің төрт баласы болған, менің әкем үлкені. Үшемнің ішіндегі бір ағамның қызы бірнеше жыл бұрын егіз босанған, - дейді Мұрат.
Қазіргі үшемнің ата-анасы мектепте мұғалім - Мұрат №38 мектеп-лицейде алғашқы әскери технологиялық дайындық пәнінен, ал Альбина Қасым Қайсенов атындағы №33 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.
- Әрине, Альбинаға үш баланы құрсақта көтеріп, дүниеге әкелу оңай болған жоқ. Біз барынша моральды, психологиялық түрде қолдау көрсетуге, үй жұмысын көп жасатпауға тырыстық. Өзі де дәрігердің ерекше бақылауында болды, - дейді жас әке.
Айта кетсек, бұл жыл басынан бері дүниеге келген алғашқы үшем емес: 6 қыркүйекте облыстық перинаталдық орталықта 22 жастағы Аянгүл СӘБИТОВА бірден үш ер баланы дүниеге әкелді.
Айнұр САПАРОВА