Атырау, 29 қараша 04:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Үшемнің үшеуі де ұл бала

2 552 просмотра

6 қыркүйекте облыстық перинаталдық орталықта биылдыққа алғашқы үшем дүниеге келді, үшеуі де ұл бала. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне үшемнің анасы Аянгүл СӘБИТОВАНЫҢ туыстары хабарлады. Аянгүл 22 жаста, бұл оның екінші жүктілігі. Үлкен ұлының есімі Ерасыл, бір жаста ғана. Жаңа туған үш сәбиге әлі есім берілген жоқ. Аянгүл «Теңізде вахтада жұмыста жүрген күйеуімді күтемін, сол кезде шешеміз» дейді.

Аянгүл жүктіліктің 34-аптасында шұғыл жасалған кесір тілігі арқылы босанған. Босанғаннан кейін оныжансақтау бөліміне шығарған, ал үш сәбидің бірі әлсіз болғандықтан, оны кювезге жатқызған. Бірақ қазір ол реанимациядан жалғызкісілік палатаға ауысқан, үш сәбиі де жанында. Аянгүлге хабарласып, ол бізге былай әңгімелеп берді.

– Әрине, бірден үш ұлды дүниеге әкелгеніме өте қуаныштымын. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сосын күйеуіме хабарладым, ол да, туыстарымыз да қатты қуанды. Жүктіліктің 12 аптасында үшем болатынын УЗИ арқылы білдім. Босанғаннан кейін маған күтім қажет болды, мені реанимацияға жіберді. Қазір де әлсіздікті сезінемін, бірақ жалпы бәрі жақсы. Медицина қызметкерлері мен дәрігерлерге рахмет, бәрі маған қамқорлық жасап, жақсы қарап жатыр. Босануға үш күн қалғанда ішім ауырып перзентханаға түстім. Бір ұл мен үш баланы көтеруде үлкен айырмашылық бар. Бірақ мен үшін өте қиын болды деп айта алмаймын. Қазір балаларымның әкесін күтіп отырмыз, ол бізді қатты көргісі келіп, тезірек Атырауға жеткісі кеп отыр. Күтеміз, келген соң ұлдарымыздың есімін бірге ойластырамыз.

– Аянгүл, сіздің әулетіңізде егіз немесе үшемдер бар ма?

-  Менің жағымда жоқ, бірақ күйеуімнің әкесі жағында егіздер бар.

Аянгүл күйеуімен құрдас. Олар 19 жасында шаңырақ көтерген. Қазір жалдамалы пәтерде тұрады.

– Күйеуім екеуміз осы жақтымыз, ата-анамыздан бөлек тұруды жөн көрдік. 2 бөлмелі пәтер жалдап тұрамыз. Қазір бізге қиын болатынын түсінемін, әрі қарай баспана жағы қалай болады деген ой мазалап жүр, – дейді Аянгүл.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, шұғыл операция Орталық директорының орынбасары, білікті акушер-гинеколог Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВТЫҢ жетекшілігімен жасалған. Жаңа туған екі сәбидің салмағы 1 келі 800 граммнан болса, үшіншісінің салмағы 2 келі 200 грамм.

- Қазір анасының да, ұлдарының да жағдайы жақсы. Сәбилер анасының жанына орналастырылды. Туылғаннан кейін нәрестелерді күту үшін анасына арнайы медбикелер бекітілді. Олар қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауына алынған. Әзірге қашан шығарылатыны белгісіз, – дейді перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі Түрлен БЕГЕЕВА.

Айта кетейік, Атырау облысында жыл басынан бері 11 333 нәресте дүниеге келсе, оның 114-і егіз. Енді үшем дүниеге келді.

Айнұр САПАРОВА

Аянгүл Сәбитова жолдаған суреттер

7 қыркүйек 2022, 21:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.