«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Атырау филиалы жұмысшылары республикалық «Доссор-Құлсары-Ақтау» бағытындағы шұрқ-тесік болған жолды жамау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың жолды жөндеуге қатысты ерекше тәсілі жылыойлықтардың ашу-ызасын тудырды.
-1 қараша күні Жылыой аудандық Мәслихатының депутаты Сайлауғали Кенжеғалиев, қоғам белсендісі Тұрар Шапқара болып, Құлсарыдан 2-3 шақырым жердегі асфальт жолда олардың жөндеуді қалай жасап жатқанын көрдік. Жолдың шұңқырларына, қайдан алынғаны белгісіз күрелген жол қалдықтарын тастап, онысын аяқтарымен басып, жолды өздерінше бітеген болып, жасап жатыр. Жол жамау жұмыстары осы ма? - дейді Жылыой аудандық Мәслихат депутаты Ерқұл ДӘУЛЕТБАЕВ.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз хатшысы Ләззат СТАМҒАЗИЕВАНЫҢ комменатрийі мынадай:
- «Доссор-Құлсары-Ақтау» автомобиль жолының 115-шақырымында жауын-шашын есебінен (яғни, жаңбыр жауып, жол «босап» кетті) жаңадан пайда болған шұңқыр көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін уақытша фрезерленген материалмен жабылды. Жауын-шашын басылғасын, шұңқырлар толық жөнделеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазба әлеуметтік желіден алынды