«Talan» тұрғын үй кешенінің пәтер иелері су жылыту қызметінің құны жоғары екеніне қатысты «АЖ» редакциясына шағыммен жүгінді. Жақында сервистік компания – «BIClientsService 15» ЖШС тұрғындарға бірден төрт айдың (маусым-қыркүйек) шотын берді, ондағы тариф 1 текше метрі үшін 5119 теңгені құрайды. Мәселен, 8 текше метр суды пайдаланғаны үшін тұрғындардың біріне 76 мың теңге есептелген.
«Talan» Тұрғын үй кешенінің бір топ тұрғыны ЖШС қызметін тексеру туралы қала прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИННІҢ атына арыз жазды. Ұжымдық арызды қарау үшін прокуратура қалалық әкімдікке, тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне және табиғи монополияларды реттеу департаментіне қайта жолдады. Тұрғындардың айтуынша, бәрінің жауабы бір: «Өздеріңіздің меншік иелері бірлестігін (МИБ) құрыңыздар» дейді.
Тұрғындардың шағымына сәйкес, жақында тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Әлем УӘЛИЕВ олармен кездесу ұйымдастырып, оған «BIClientsService 15» сервистік компаниясының директоры Салтанат КЕЗДІКПАЕВАНЫ, сондай-ақ қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен ПИК қауымдастығы өкілдерін шақырды. Кездесуге олардан бөлек, «Talan» ТК-дегі қазандық жабдығына қызмет көрсететін «Жахан-Атырау» ЖШС мен тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын «Қара шаңырақ» ҮЕҰ өкілдері де қатысты. Айтпақшы, «Жахан-Атырау» ЖШС мен «BIClientsService 15» сервистік компаниясы арасында екіжақты келісім бар.
Кездесуде суды жылыту тарифін төмендету және жылу тарифін бекіту мәселелері талқыланды. ТК пәтер иелерінің арасында 2021 жылдың қарашасында және 2022 жылдың наурызында пәтер кілтін алғандар бар. Олар пәтер кілтін алған кезде шығындарды өтеу туралы келісімнің қол қою үшін берілгенін алға тартады. Айтуларынша, онда тарифтер мен қызмет ақысының көлемі көрсетілмеген, жай ғана пәтер иелері өткен айдың төлемін айдың 25-іне дейін төлейтіні айтылған.
– Құрылыс аяқталғаннан кейін пәтер кілтін алу үшін бізді «BIClientsService 15» ЖШС-мен су жылытуға кеткен шығынды өтеу туралы келісімге қол қоюды міндеттеді. Онсыз кілт беруден бас тартты. Келісімшартта тариф көрсетілмеген, ол жерде ЖШС жұмсаған тікелей шығындарға қатысты айтылған, содан кейін шығындар сомасы пәтерлер санына, әрі қарай есептегіштің көрсеткіштеріне сәйкес тұтынылған судың мөлшеріне бөлінді, - деп әңгімеледі тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінде кездесуге бірнеше күн бұрын редакцияға хабарласқан тұрғындар «АЖ» тілшісіне.
Эльвира ЖИЕНБАЕВА есімді тұрғынның айтуынша, оларға төлемнің қалай жүргізілетінін ешкім түсіндіріп бере алмаған, қызмет көрсетуші оларға есеп бермейді, шығынның қалай есептелгенін де ашып көрсетпейді.
– Бұл соманың қайдан алынғанын білмейміз. Судың бір текше метрі 5119 теңге, қанша сұрасақ та түсіндірмейді. Орталықтан жылытылса, қала бойынша 1 текше метр суды жылыту тарифі 255,71 теңге болса, бізде одан 20 есе көп. Бұл қалай болады сонда? – деп сұрайды Жиенбаева.
Кездесуде талқылау барысында су жылыту қызметінің қымбат болуы тұрғын үй кешеніндегі автономды қазандыққа қызмет көрсетуге кететін көп шығынмен байланысты екені белгілі болды. «Жахан Атырау» ЖШС ай сайын беретін шоттардың жалпы сомасы 950 мың теңге болады. Осы көрсеткішке сүйене отырып, «BIClientsService 15» тұрғындар үшін су жылыту төлемін есептейді екен.
Әлем Уәлиев «BIClientsService 15» ЖШС-не артық төленген ақшаны қайта есептеуді және пәтер иелері үшін жаңа тарифті бекітуді ұсынды. Осыған байланысты ол Атырау қаласының ПИК бірлестігінің есепшісінен «BIClientsService 15» ЖШС-нің кешен үйлеріне қызмет көрсету бойынша негізгі шығындар бабын есептеуді сұрады. Уәлиевтің айтуынша, егер сомалардың дұрыс шығарылмағаны анықталса, онда қайта есептеу жүргізіліп, артығы иелеріне қайтарылады.
- Сондықтан қайта есептеліп, дайын болған кезде тағы бір осындай кездесу өткізуді ұсынамын, - деді Уалиев.
«BIClientsService 15» ЖШС директоры Салтанат Кездікпаева да 3 қарашаға дейін қайта есептеу жүргізіп, оңтайландырылған соманы түбіртекке енгізуді ұсынды. Бұл ретте ол көршілес «Talanlife» тұрғын үй кешенінде үйлер пайдалануға беріліп жатқанын, ол үйлерге де осы ЖШС қызмет көрсететінін ескеруді сұрады.
Кездесуден кейін «Talan» ТК тұрғындары ыстық судың тарифі қалай есептелетінін тиімді бақылау үшін өздерінің меншік иелерінің бірлестігін құруды ұйғарды.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор