Индер ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі екі жыл бұрын жөндеуден өткен болса да, қазір күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.
Спорт үйірмелерінде 1 мыңның үстінде оқушы спортпен шұғылданып, 30 бапкер жұмыс істейді. Осы жерден көптеген танымал спортшылар, соның ішінде еркін күрестен Азия чемпионы Сырбаз ТАЛҒАТ тәлім алды. Ал қазір спорт мектебінің басшылығын басқа мәселе көбірек толғандырады.
– 2020 жылы мердігер 24,5 миллион теңгеге жұмыс атқарды, атап айтқанда, шатырды жөндеп, қабырғаларын әктеп, жуыну бөлмесіндегі шүмектерді ауыстырды. Бірақ бұл аздық етеді, – дейді БмЖСМ директоры Мәлік БИҒАМБАЕВ. – Осыдан тоғыз жыл бұрын пайдалануға берілген спорт кешені әу бастан сапасыз салынған. Бірер жылдан кейін сыртқы қаптамасы желден түсіп қалып, қайтадан сайдингпен қаптауға тура келді. Төбесінен әлі су ағып тұр, жалпы шатыры, есіктері, электр жүйесі, едендері ауыстырылмаса, проблема сол күйінде қала береді. Ғимаратқа толық күрделі жөндеу жұмыстары қажет.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор