Зарослый және Көкарна ауылы бағытында орналасқан қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары үшін таңғы жұма ауыр болды. Бұлт торлаған аспан нөсерлетіп, асфальтталмаған айналма жолды тайғақ батпаққа айналдырды. Көпшілігі жұмысқа, сабаққа кешігіп жетті, жол-көлік апаттары болып, автобус жүргізушілері бұл бағытта жүруден бас тартты.
«Химик» бау-бақша қоғамы учаскесі бірнеше айдан бері жабық екені белгілі. Курилкино жаққа және одан әрі қарай қозғалатын көліктер мен автобустар ағыны осы мақсат үшін трактормен арнайы тегістелген құмды-сазды жолмен жүруге мәжбүр болды. Топырағы көтерілген бұл жолдың жаңбыр жауғанда не болары жол салушыларға да, жүргізушілерге де құпия емес еді. Сол күні таңертең төрт жүргізуші рульді басқара алмай, апатқа ұшырады. Ал сағат 9-ға қарай сол учаске бойымен азды-көпті жүріп жатқан автобустардың жүргізушілері наразылық білдірген жолаушыларды дәл бетон бөгеттердің жанына түсіріп, мүлде жүруден бас тартты. Балшыққа батқан адамдар қалаға жаяу немесе жолай тоқтаған көлікпен жетуге мәжбүр болды.
Түске қарай бұл мәселе шешілді. Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бетон бөгеттердің алынып, автобус қозғалысы қалпына келтірілгенін хабарлады. Бұл, әрине, айналма жолдан жақсы, бірақ жол әлі біткен жоқ: жолжиектің бойында көзге көрінбейтін темір арқалықтар сорайып тұр, кей жерлерден баяу қозғалуға, ал бірнеше ондаған метр жүрген соң келесі жолаққа шығуға немесе шұңқырға түсуге тура келеді.
Жол салушылар қарашаның 15-іне қарай проблемалы аумақтарға ірі түйіршікті асфальт төселеді деп сендіреді. Биыл жасауға болатын жұмыс осы. Келесі жылы жолға екінші қабат төселген соң ол дайын болады. «Кейбір қиындықтар» бұрынғыша, инертті материалдардың уақытылы жеткізілмеуіне байланысты болып отыр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген автор және куәгерлер