Хамит Ерғалиев ауылының 28 жастағы тұрғыны Айдана Сұлтанғалиева ауылдастарын тігін өнімімен қамтып отыр. Оның негізгі мамандығы психолог. Ал қазір перде салонының иесі.
Айдана 2020 жылдың қарашасында бір айлық тігін курсына жазылып, оқуы біткеннен кейін, құрақ көрпе, қыз жасауына тапсырыс ала бастаған. Бастаған ісі ілгері басып, 2021 жылдың тамыз айында 583 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алып, оған төрт тігін машинасын сатып алды. Қасына тігіншілерді жұмысқа тартып, кәсібін дамыта бастады.
- Мектеп кезінен бастап тігін машинасына деген қызығушылығым болған. Осы салаға бет бұру үшін батылдық танытып, кәсібімді бастадым, - дейді А.Сұлтанғалиева. - Біз тек исатайлықтардан емес, Атырау қаласы және басқа қалалардан тапсырыс қабылдаймыз. Тапсырысты уақытылы орындап, халықтан алғыс алып жүрміз. Алғашында тұрақты орын табу қиын болды. Шүкір, қазір "Бегайдар" сауда үйінің екінші қабатынан ұзақ мерзімге орын алып, перде, көрпе, жастықтар тігудеміз. Басқа мен сияқты кәсіп бастағысы келетін замандастарыма айтарым, еш қорықпай, тәуекел етіңіздер. Алдыңызға мақсат қойып, еңбек етсеңіздер, міндетті түрде жемісін көресіздер.
Исатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бүгінде кәсіпкерліктің 2044 субъектісі тіркелген, оның 135 - заңды тұлға болса, 10615 - жеке кәсіпкер, ал 294 - шаруа қожалығы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Исатай аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі жолдаған суреттер