Сарытоғай ауылының тұрғындары Төребек ҚҰМАРОВ пен Ардақ ОЖЫРАЕВ жертөледе сырдың иісіне уланып қалған бір отбасының үш адамын ажалдан аман алып қалды. Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, батылдық танытқан қос азамат «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
...Оқиға Сарытоғай ауылында болған. Өз үйінің ауласындағы жөртөле ішін сырлап жүрген отағасы Абзал Жолдасов сырдың иісіне уланып, есінен танып қалады. Сол кезде аулада шаруа жасап жүрген әйелі Жұмасұлу мен үлкен қызы Гулфайруз оған құтқаруға келеді. Алайда олар да иіске басы айналып, құлап қалады. Бұл жағдайды көрген екінші қызы Жайнар жедел жәрдемге хабарласып, көршілерден көмек сұрайды. Арада 15 минуттан соң жедел-жәрдем де жетеді. Көлік жүргізушісі Ардақ Ожыраев жертөленің ішіне түсіп Гүлфайрузды сыртқа көтеріп шығарады. Басы айналып қалып, кері түсуге шамасы болмайды. Сол кезде тұрғындардың бірі Төребек Құмаров басын қатерге тігіп, жертөлеге түседі. Ол алдымен Жұмасұлуды алып шығады. Кейін өзінің әлсіреп қалғанына қарамастан Абзалды жертөленің есігіне дейін жеткізеді. Қол жететін жерге ілінген соң, сыртта тұрғандар шығарып алады.
- Үстіме қанша шелек су төксе де, көп уақытқа дейін есімді жимаппын. Бір көргенім Абзалды жедел жәрдем көлігіне салып жатыр екен. Қызым екеумізді де ауруханаға апарып, дәрігерлер система салып, қажетті ем-домын жасады, - дейді Жұмасұлу Дюсенова. - Қазір жағдайымыз жақсы, балаларымыздың ортасында отырған жайымыз бар. Өз басын қатерге тіккен көршім Төребек болмағанда қазір мына жерде отырмас едім. Үшеуміздің де жер басып жүргеніміз осы екі жігіттің арқасы. Оларға Алланың нұры жаусын!
Екі адамның өмірін сақтап қалған Төребек - Сарытоғай ауылының тұрғыны. Теңіз қалашығында «Сенімді құрылыс» ЖШС-де еңбек етеді.
- Мен ерекше ерлік жасадым деп ойламаймын. Шынымды айтсам, Абзалдың кішкентай қызының жылағаны жаныма қатты батты. Бұл өмірде балалардың жетім қалғанынан қиын не бар? - дейді Төребек Құмаров. - Ол кезде ойланып жататын уақыт та болмады. Шүкір, бар қиындық артта қалды. Қазір бәрі дін-аман, ата-анасы балаларының қасында. Бұның өзі көңілге үлкен медеу. Осындай көлденең оқиғалардан аман болайық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Махамбет аудандық әкімдігінің жолдаған суреті