Атырау, 24 қараша 05:45
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинаның бірқатар аймақтарына зымыран соққысы жасалды

1 264 просмотра

Сенбі күні Украинаның бірқатар аудандарына Ресей күштері зымыранмен соққы жасады, деп хабрлайды Азаттық радиосы.

Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак зымыран шабуылдары азаматтық нысандарға бағытталғанын айтты. Оқиға орнынан келіп жатқан ақпаратқа қарағанда, Ресей әскері тағы да Украинаның энергетика нысандарын атқылап жатыр. Бірқатар қалада, оның ішінде Украина батысында шабуылдардан соң жарық сөнген, су және байланыс мәселелері де туындаған. Зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.

Облыс орталықтары Хмельницкий мен Ровно, Одесса, Кировоград, Волын облыстарының бірқатар ауданы жарықсыз қалған. Әлеуметтік желілерде Ровно қаласына зымыран соққысы жасалғаннан кейін түсірілген видеолар мен суреттер тарады. Қала мэрі Александр Третьяк өте маңызды инфрақұрылымға соққы тигенін хабарлады. Луцк қаласына да әуеден шабуыл жасалған. Қала мэрі Игорь Полищук энергетика нысандарының бүлінгенін айтты. Соның салдарынан қаланың бір бөлігінде электр энергиясы жоқ.

Львов, Одесса, Киев, Черновицк облыстарында әуе шабуылынан қорғайтын жүйелер іске қосылған. Жергілікті биліктің айтуынша, истребитель зымыранды атып түсіріп, көлге құлаған. Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестовичтің айтуынша, әуе шабуылынан қорғайтын жүйе Киевке бағытталған бес зымыранды атып түсірген.

Ресей 10 қазаннан бері Украинаның энергетика нысандарын жаппай атқылап жатыр. Украина энергетика министрі Герман Галущенко атқылаудың салдарынан елдің энергетика құрылымының 30-40 пайызы бүлінгенін мәлімдеді. Шығын көлемі миллиардтаған долларға жетеді.

Галущенконың айтуынша, шабуылдың салдарынан Украина шамамен 4 мың мегаватт қуат жоғалтқан. Алайда министр Reuters'ге берген сұхбатында Украинаны тұтас жылу әрі электр энергиясыз қалдыруды көздеген Ресей мақсатына жеткен жоқ деді. Атқылауға ұшыраған электр станцияларының көбі толық қуатпен болмаса да ішінара жұмыс істеп жатыр.

Украина тұрғындарына күндіз және кешке электр энергиясын үнемдеу туралы ұсыныс айтылды. Кейбір аймақта жүйені қайта іске қосқандықтан бірнеше сағат жарық болмай қалған.

22 қазан 2022, 21:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.