Еуроодақ кеңесі Иран әскерінің жоғары құрамындағы 3 офицеріне және «Шахед» дрондарының өндірушілеріне санкциялар енгізді. Бұл Ресейді осы ұшқышсыз құрылғылармен қамтығаны үшін қабылданған шара, деп хабарлайды «Хабар 24».
Еуроодақ өкілдерінің мәлімдеуінше, Ресей әскері дрондармен Украинаның азаматтық инфрақұрылымына, яғни энергетика нысандарына шабуылдар жасап жүр. Бірақ Иран жағы да, Ресей тарапы да мұны жоққа шығарды.
Набила Масралли, Еуропалық сыртқы қатынастар қызметінің ресми өкілі:
– Одаққа мүше елдер шұғыл қимыл жасауымыз керек деп саяси келісімге келді. Енді жеткілікті дәлел жинағаннан кейін, Еуроодақ кеңесі нақты әрі жедел жауап беру ісін қолға алады.
Ал Иран әскерилері Ресейдің Украинаға қарсы операциясына көмек беру үшін Қырымға барған. Мұны АҚШ әкімшілігінің өкілдері мәлімдеді. Олар Ресей жауынгерлерін өз дрондарын басқаруға үйреткен көрінеді. НАТО ұйымы да дрондармен жабдықтағанына сенімді. Ұйым басшысы Йенс Столтенберг ресми Тегеранға үндеу жасады.
Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы:
– Иран Ресейді осы ұшқышсыз апараттармен қамтығанына күмәніміз жоқ. Біз барлық елдерді Ресейдің Украинаға қарсы қимылына қолдау көрсетпеуге шақырамыз.