«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалы «Жолда қабылдау» акциясын ұйымдастырды, - деп хабарлайды филиалдың баспасөз хатшысы Ләззат Еділханқызы.
Оған Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында жергілікті маңызы бар «Атырау-Индер» жолындағы демалыс алаңында ауыр жүк көліктерінің салмағы тексерілді.
«Атырау-Индер» жолымен ауыр жүк көліктері жиі өтеді. Себебі, Индер жерінен алынатын құрылыс материалдары Атырау қаласына осы жолмен тасымалданады. «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ инженері М.Бекесовтың айтуынша, жол сапасының нашарлауына ауыр жүк көліктерінің белгіленген мөлшерден әлдеқайда артық жүк тасымалдауы әсер етеді. Статистикалық мәліметтер бойынша, облыста асфальттың 35%-ы жүк көліктері қозғалысының салдарынан тез тозады. Сондықтан жол сапасын сақтау мақсатында жылдың әр мезгілінде ауыр жүк көліктеріне бақылау шаралары күшейтіледі. Заңға сәйкес ауыр жүк көліктерінің салмағы жеке білікке 8 тоннадан асқан жағдайда айыппұл салынады.
Тексеріс кезінде көлік бақылау инспекторлары бірнеше жүк көлігін тоқтатып, арнайы құрылғымен салмағын өлшеді. Құм тиеген кейбір жүк көліктерінің салмағы шекті мөлшерден 3-5 тонна асып кеткендігі анықталды. Көлік иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабының 6-бөлігі (Ауыр салмақты автокөлiк құралдарының салмақтық параметрлерден асыра отырып жүрiп өтуi) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің маманы Талғат ЖАНТЕМІРОВТЫҢ айтуынша, жыл басынан бері жалпы сомасы 46 млн теңге осындай айыппұл салынған.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ жолдаған суреттер