15-16 қазанда Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде көлік басқарған 8 жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Мысалы, 16 қазан күні сағат 22:10 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері Өркен ауылындағы 34-көше бойында «ВАЗ» маркалы көлікті тоқтатып, тексеру барысында жүргізушісінен ішімдіктің иісін байқаған.
Медициналық сараптама қорытындысымен 22 жастағы жүргізушінің жеңіл дәрежедегі мас күйде екендігі анықталған. Көлік арнаулы тұраққа қойылып, аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасақталды. Сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Осындай заң бұзушылық 17 қазан күні сағат 04:36 шамасында Еркінов көшесінің бойында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері «ВАЗ» көлігін тексеру барысында 39 жастағы жүргізушісінен ішімдіктің иісін байқаған. Медициналық сараптама корытындысы оның жеңіл дәрежедегі мас күйде екендігі анықтаған. Көлік арнаулы тұраққа қойылып, аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасақталды. Сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
***
Атыраулық полицейлер 7 жыл құжатсыз жүрген шетел азаматын анықтады.
Атырауда 1 қазан - 1 қараша аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара кезінде тәртіп сақшылары 2015 жылдан бері Атырауда құжатсыз жүрген 53 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын анықтады. Ол қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Қазіргі уақытта оған қатысты көші-қон полиция қызметкерлері тиісті іс-құжаттар жинақтап, сотқа жолдады.
***
Атырау облысында жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарға заңсыз көлік қойған 50-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл әрекеттерін олар «бұл белгіні көрмей қалдым» немесе «5 минутқа қойып кеттім» деп ақталады.
Бұдан басқа, автокөлікте «Мүгедек» деген белгінің болуы мүмкіндігі шектеулі адамның көлік жүргізіп отырғанына кепілдік бола алмайтынын ескеру қажет.
- Айта кетейік, мүгедектігі жоқ бола тұра, көлік құралын мүгедектерге арналған орындарға қойған жүргізушілерге ҚР ӘҚбК-нің 597-бабы 4-бөлігі бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал, бір жыл ішінде қайталап жасалған сол әрекет 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеліп соғады.
***
Жыл басынан бері облысымызда балалардың қатысуымен 52 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
- Бүгінде облыс бойынша білім беру мекемелері маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету - басты назарда. Оның ішінде арнайы жол белгілерін орнату да бар. Жалпы жыл басынан облыста балалардың қатысуымен 52 факт тіркеліп, 2 баланың өмірі қиылған. Сондықтан балаларды арнайы автоорындықтарға отырғызып, қауіпсіздік талаптарын толықтай сақтауға шақырамыз. Өткен жылмен салыстырғанда балалардың өлім көрсеткіші 57,1%-ға төмендеп отыр, - деді Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан БИҒАМБАЕВ.
***
18 қазанда қараусыз малдың қатысы бар жол көлік оқиғасы орын алған.
Доссор-Құлсары тас жолының 106-шақырымында Kia көлігінің жүргізушісі жылқы малын қаққан. Ал Ақтөбе- Астрахань тас жолының 705-шақырым тұсында Toyotа көлігінің төрт-түлікке соқтығысуы салдарынан жол апаты орын алды.
Бағына қарай, көлік жолаушылары мен жүргізушілері жарақат алған жоқ. Қазіргі уақытта тиісті іс-құжаттар жинақталуда. Қараусыз үй жануарларының иелері іздестірілуде.
***
Атырауда жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында 2000-нан астам заң бұзушылық тіркелген.
Атырау облысында 2332 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2153 тұлғаға қорғау нұсқамасы шығарылған.
Осы жұмыстарды атқару барысында 154 іс бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы («Қорғау нұсқамасын бұзу») бойынша әкімшілік хаттамалар жасалып, жинақталған құжаттар Атырау облысының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды.
Атырау облыстық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы қызметкерлері ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 20-бабына сәйкес, басқарманың тізімдік есебіне «Қорғау нұсқамасы» санатымен алынған тұлғалардың мекен-жайларын тексерді.
Егер Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, 102 операторына хабарласып, кеңес ала аласыз, деп хабарлайды құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
***
Ұрланған велосипед металл қабылдайтын жерден табылды.
16 қазан күні Атырау қаласының тұрғыны «102» операторына көп қабатты үйдің алдында тұрған маркасы көк түсті «Centuary» велосипедін ұрлап кеткені туралы хабарлаған.
Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде №2 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Ерік ЕСЕНОВ ұрланған қосдөңгелікті велосипедті 18 қазан күні металл қабылдайтын жерден тапты.
Белгісіз біреулер олжаларын пайда көру мақсатында сатып жіберген. Велосипед тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда болған оқиға бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.
***
«Заңсыз келуші -2022»: көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1045 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
10-17 қазан аралығында «Заңсыз келуші-2022» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1045 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 595 шетелдік азамат ҚР Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылып, 37 шетелдік сот шешімімен елден шығарылды.
Сондай-ақ, іс-шара өткізу барысында Қазақстанның 432 азаматына қатысты ел заңнамасын бұзғаны және шетелдік жұмыс күшін және еңбек мигранттарын тартқаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Өзбекстанның 58 азаматы жеке басын анықтайтын құжаттары болмауына байланысты қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА