Алматы облысының прокуратурасы тексеру жүргізіп, 305 қазақстандық шенеунік ойынханада 507 миллион теңге жұмсағанын анықтады. Тексеру қорытындысы құзырлы органдарға тапсырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тексеру нәтижесі туралы құжатты журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жариялады. Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі құжаттың растығын растады.
"Иә, растаймыз. Біз бұл тексеруді жүргізіп, тізімдегі барлық мемлекеттік органдарға шара қолдануға жібердік", - деді прокуратура өкілдері.
Құжатта прокурорлар ойынханалар мен ойын автоматтары залдарының қызметін тексеріп, мемлекеттік қызмет барысында мекемелерге келген 305 мемлекеттік қызметкерді анықтағаны айтылған. Олар құмар ойындарға 507 миллион теңге жұмсаған.
Анықталған мемлекеттік қызметшілер арасында:
- Ішкі істер министрлігі - 97;
- Қорғаныс министрлігі - 95;
- Қаржы министрлігі - 25;
- Жоғарғы Сот - 7;
- Қаржы мониторингі органдары - 15;
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдары - 3;
- әкімдіктер - 36;
- басқа да мемлекеттік органдар - 27.
«Қолданыстағы моральдық-этикалық мінез-құлық нормаларына қарамастан, Астана әкімдігінің жылдық табысы 10 миллион теңгеден аспайтын қызметкері жалпы сомасы 53 миллион теңгеге Bellagio казиносына 54 рет барған. (Кейін Астана әкімдігі Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында, бұл тұлға 2021 жылдың 2 тамызынан бастап қала әкімдігінің қызметкері еместігін, өз еркімен жұмыстан босатылғанын хабарлады).
Атырау облысының энергетика және ТКШ басқармасының жылдық табысы 7,9 миллион теңгеден аспайтын қызметкері жалпы құны 3,2 миллион теңгеге «Торнадо 777» ойын автоматтары залына екі рет барған.
Жылдық табысы 3 миллион теңгеден аспайтын Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің қызметкері 33 миллион теңге сомаға «Astoria» және «Макао» казиноларына 25 рет барған.
Жылдық табысы 3 миллион теңгеден аспайтын Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері «Astoria» казиносына 25 миллион теңгеге үш рет барған», - деп мысал келтірді облыс прокуратурасы.
Прокурорлар мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға жұмсаған ақшасының шығу тегін тексеруге шақырды.
"Осы мән-жайлар мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіндегі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуін көрсетеді", - деді прокуратура өкілдері.