Атырау, 29 қараша 05:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Темір тордың ар жағындағы отбасылық дастархан

1 374 просмотра

Атыраудағы тергеу изоляторында (УГ-157/1) сотталғандардың отбасымен кездесу өтті. Толығырақ – «АЖ» репортажында.

Осы жерде нақтылай кететін жайт, тергеу изоляторында сот отырысын күткен тергелушілерден бөлек, сотталған азаматтар да жазасын өтеп жатыр. Олар және олардың туыстары үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.

Атыраудағы тергеу қапасында ұрлық, алаяқтық жасағандары үшін және есірткі сақтағандары үшін сотталған 10-ға жуық азамат жазасын өтеп жатыр. Егер жаза мерзімі бес жылдан аспаса, сотталғандар тергеу қапасында аула сыпырушы, аспаз, сәлемдеме тасушы ретінде жұмыс істеуге қала алады.

...Ұрлық жасағаны үшін сотталған Асқармен (есімі өзгертілді – ред.) кездесуге әйелі мен баласы келген. Асқар оларды көргенде көзіне жас алып, жылап жіберді.

- Ұлымды көрмегелі бір жылдан асты. Ал әйелімді соттан кейін бір рет ғана көргенмін. Осы тар қапаста отырып, отбасы мен бостандықтың қадірін түсіндім. Иә, қате бастым, сол үшін жауап беріп жатырмын. Бірақ отбасымның қиналып жүргені, ұлымның әкесін темір тордың ар жағында түрме киімімен көргені жаныма батады, - дейді Асқар.

Ал есірткі сақтағаны үшін сотталып, тергеу қапасында аспаз болып жүрген Асылбекке туыстарынан ешкім келмеген. Өйткені олар ұлдарынан баз кешіп, одан теріс айналған. Ешкім келмейтінін білген Асылбек бөлмеде кітабын оқып отырды.

Асылбек сияқты есірткі сақтағаны үшін сотталған Василийге қарт анасы келді. Оның әкесі екі жыл бұрын коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болған. Ал анасы ұлы сотталғаннан кейін жалғыз қалған.

- Үйге жылу берді ме? – деп сұрады Василий.

- Берді, бірақ үй суық. Жылыту жүйесіндегі артық ауаны шығару керек екен. Оған менің күшім жетпейді. Ыстық шәй ішіп жылынамын, - дейді анасы.

- Кешір... Жаныңда болсам, жылы пәтерде отырар едің ғой. Достарыма айтайын, олар көмектеседі, - деді Василий.

Кейін сотталғандар мен туыстары дастархан жайып, бірге ас ішті. Мекеме басшылығы осындай кездесулерді жиі өткізіп тұруға уәде берді.

Фархат АБИЛОВ

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жолдаған суреттер

20 қазан 2022, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.