«Жібек жолы – Атырау» және «Ақмаржан» тұрғын үй кешендерінің үлескерлеріне қылмыстық істі тергеу аясында тергеу шараларының аяқталуын күтуге тура келеді. Барлық сатыдағы соттар аяқталғаннан кейін және түпкілікті сот шешімі шығарылғаннан соң әкімдік тарапынан құрылыс салушымен келіссөздер жүргізуге жәрдемдесетін болады. Ол барлық экономикалық және техникалық есептеулерден кейін «Жібек Жолы» ТК құрылысын аяқтауға дайын болады, деп хабарлайды Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы.
Бүгінгі таңда Атырау аумағында тұрғын үй-құрылыс кооперативтері арқылы 6 тұрғын үй кешені салынуда. 5 тұрғын үй кешені бойынша бірқатар проблемалар бар.
Осындай кешеннің бірі – «Жібек Жолы – Атырау» ТҚК туралы «АЖ» әлденеше рет жазған еді. Оның құрылысы 2020 жылдың басында басталып, 2021 жылдың ортасынан бастап құрылыс қарқыны баяулай бастады, нәтижесінде осы нысанның үлескерлері дабыл қаға бастады. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (МСҚБ) облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 314-бабы және 463-баптары бойынша жобалау-сметалық құжаттамасыз салынғаны үшін және 2021 жылғы қыркүйекте берілген ұйғарымды орындамағаны үшін ТҚК-ге айыппұл салды.
Сонымен қатар, құрылысты тоқтата тұру туралы сот ұйғарымы шығарылды.
Қазіргі уақытта ТҚК құрылтайшысы мен директоры тергеу изоляторында, олар осы жылдың наурыз айында қалалық әкімдікте пайшылармен кездесу кезінде қамауға алынған болатын.
2022 жылдың 1 тамызында «Жібек Жолы» ТҚК-нің 90-нан астам пайшылары Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ қабылдауында болды. Мемлекеттік органдар тарапынан бұл кездесуге Атырау облысы прокуратурасының, полиция департаментінің, Әділет департаментінің, Атырау қаласы әкімдігінің, облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылығы және басқада құзырлы орган қатысты. Кездесу барысында пайшылар өздерінің басты мәселелерін атап өтті, атап айтқанда, олардың тұрғын үй кешені қалай аяқталады деген сұрақ қызықтырды. Қадағалау органы мен полиция өкілдері тергеу барысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынып, оны тезірек аяқтауға уәде берді. Бүгінде тергеу аяқталды, қылмыстық істің материалдары тараптарға танысу үшін берілді. Пайшыларға қылмыстық істі тергеу және одан әрі сот талқылауы шеңберінде тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде бұл әрекеттердің барысына ешкімнің ықпал етуге құқығы жоқ екендігі түсіндірілді.
Барлық сатыдағы соттар аяқталғаннан кейін және түпкілікті сот шешімі шығарылғаннан соң әкімдік тарапынан құрылыс салушымен келіссөздерге жәрдемдесетін болады. Ол барлық экономикалық және техникалық есептеулерден кейін «Жібек Жолы» ТК құрылысын аяқтауға дайын болады.
- Бұл үшін түпкілікті сот шешімі шыққанға дейін күту керек екенін атап өтеміз. Сот шешімінсіз әкімдік тарапынан жүргізетін барлық іс-шаралар немесе осы іс-шараларға дейінгі іс әрекеттер және әлеуетті инвесторлар қарастыру заңсыз болып саналады, - деп прокуратура өкілдері ерекше атап өтті.
Облыс әкімі пайшыларға бұл мәселені тұрақты және қатаң бақылауда ұстайтынын айтты.
Айта кету керек, бұл тұрғын үй кешенінің пайшылары бірнеше рет Атырау қалалық және облыстық әкімдіктерде қабылдауда болған.
Мәселен, 2022 жылдың сәуір айында облыс әкімдігінде үлескерлердің «Құрылысшы-7», NewAscent, BI-Group, «Бастау Констракшн», «Самал Таун», SDN Construction және басқа да компаниялар сияқты ірі құрылыс салушылардың өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды. Құрылыс салушылар құрылыс аяқталғаннан кейін есептеулер жүргізуге және оларды пайшыларға қарауға ұсынуға дайын боламыз деген пікірді айтты, бірақ бұл іс-әрекеттер сот процестері аяқталғаннан кейін жүргізілетінін баяндады.
Бұдан басқа, осы жылдың 28 қыркүйегінде «Жібек Жолы» ТҚК пайшыларының бастамашыл тобы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қабдиновтың қабылдауында болдыү
Кездесуге Атырау қаласы прокурорының орынбасары Н.Әбілов қатысты. Бастамашыл топ отырыс барысында әкімдік пен прокуратура тарапынан құрылтайшылардың жаңа құрамымен жаңа тұрғын үй-құрылыс кооперативін тіркеу тұрғысында қандай көмек көрсете алатынын сұрады.
«Ақмаржан» ТК-де де осындай жағдай. Бұл кооперативтің құрылтайшылары «Жібек Жолы» ТҚК-дегі тұлғалар болып табылады. «Ақмаржан» пайшылары облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары басшылығының қабылдауында бірнеше рет болды. Айта кету керек, «Ақмаржан» ТК жағдайы жеңілдеу – кешен іс жүзінде аяқталды, кіреберістерді әрлеу, аула бөлігін абаттандыру және инженерлік желілерге қосылу жұмыстары ғана қалған. Алайда «Жібек Жолы» ТҚК жағдайындағыдай «Ақмаржан» ТК пайшыларына да құрылысты аяқтау үшін шыдамдылық танытып, түпкілікті сот шешімін күтуі керек. Өйткені құрылтайшылардың кінәсі мен пайшылардың құқықтық мәртебесін тек сот анықтай алады.
- Аяқталмаған тұрғын үй құрылысына ақша салмас бұрын барлық рұқсат құжаттарының бар екеніне көз жеткізу керек. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне, сондай-ақ нарықтық құннан әлдеқайда төмен шаршы метрге қатысты ұсыныстарға абай болу керек. Облыс әкімдігі және оның құрылымдық бөлімшелері атынан жергілікті атқарушы органның жеке және заңды тұлғалар арасындағы мәмілелерді бақылауға өкілеттігі жоқ. Осыған байланысты барлық жауапкершілік мәмілелер жасасқан тараптарға жүктеледі.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА