19 қазанда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Егемендігім - ерен елдігім» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Оған Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Абай, Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Астана қаласынан 16 ақын қатысты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Суырып салма сөз жарысын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ ашып беріп, төл өнерді төрге сүйреген ақындарға сәттілік тіледі. Шарада аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВТІҢ атынан өңірде айтыс өнерін кеңінен насихаттап жүрген Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ, Амангелді ЕСЕНҒАЛИЕВ, Сағадат НҰРМАНОВ, Шалқарбай ІЗБАСАРОВ, Мүтиғолла ҒАНИ, Шынарбек ҚАБИЕВ сынды ақындарға Алғыс хат табысталды.
- Атырау өңірінде бастау алған республикалық ақындар айтысының орны ерекше. Өйткені бұл айтыс - 13 жылдан кейін мемлекеттік мереке ретінде қайта бекітілген Республика күніне арналып отыр. Бүгінгі айтыс табысты болып, халықтың мұң-мұқтажы жырланып, көптің көкейінде жүрген мәселелер тілге тиек болады деген сенімдемін. Қазақтың қанына сүтпен бітіп, сүйекке сіңген өнерін кеңінен насихаттап жүрген айтыскерлерге сәттілік тілеймін, - деді Ж.Бисембиев.
Жыр жампоздарының сайысына Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы, Қадыр Мырза Әли атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолла, «Атырау-Ақпарат» ЖШС Бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов қазылық етті.
Ақындар Республика күні, тәуелсіздік, бірлік тақырыптарын қозғап, Атыраудың экологиясын, жол мәселесін көтерді.
Аламан айтыстың бас бәйгесін Қостанай облысының тумасы Айбек ҚАЛИЕВ иеленді. Жеңімпазға 1 млн 500 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. І орынды атыраулық Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ қанжығасына байлады. Оған 1 млн теңге сыйлық берілді. Ал ІІ орын 700 мың теңге жүлдесімен атыраулық Нұрболат НҰҒМАНОВ пен Шығыс Қазақстан облысының тумасы Серік ҚУАНҒАНҒА бұйырды. ІІІ орын 500 мың теңге жүлдесімен Абай облысынан Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, атыраулық Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ пен Батыржан КӘДІРБАЙҒА бұйырды. Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА (Ақтөбе облысы ) мен Жансая МУСИНА (Батыс Қазақстан облысы) 400 мың теңге көлеміндегі арнайы жүлдеге ие болды.
Өнербек Дәулекенов (Атырау облысы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Алшынбек Мұқанғалиев (Атырау облысы), Нұрбейбіт Нұғыманов (Атырау облысы), Ержан Әміров (Қызылорда облысы), Дидар Аббас (Жамбыл облысы) пен Олжас Отарға (Астана қаласы) 300 мың теңге ынталандыру сыйлығы мен Алғыс хат берілді.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА