Атырау, 22 қараша 00:56
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Жыр болған төрт үй

Сурет
1 497 просмотра

Индербор кентіндегі 48 пәтерлік 4 үйдің құрылысы былтыр біткенімен, абаттандыру жұмысының жүрмеуіне байланысты пайдалануға берілмей отыр. Ал баспаналарын асыға, әрі зарыға күткендер алаңдап, «АЖ» редакциясына хабарласқан болатын.

- Кезекте тұрғаныма көп жыл болды, бүгінде бала-шағамызбен пәтер жалдап жүрміз. Пәтер ақысы күннен-күнге қымбаттап барады, әрі қашан шығарып жібереді деген үрейде отыратынымыз жасырын емес. Содан соң басқа пәтерді қалай табамыз? Үй иелері көпбалалы отбасыларға пәтер жалдауға құлықты емес. Жаңадан салынған төрт үйге қарап, жаңа пәтерге ие боламыз ба деген үмітіміз де өшуге айналды. Қыс та болып қалды. Былтыр пайдалануға беріледі деген жаңа үй биыл тағы жоқ. Барып кеттім, сыртқы жұмыстарына қол тимеген. Бұған жауаптыларға неге шарасын алмайды, сарсылып қашанғы күтеміз, аясаңдаршы, - дейді кезекте тұрған тұрғынның бірі.

Еске салсақ, 2018 жылы «Көктем» шағын ауданындағы 11-ші учаскеде бұл үйлердің құрылысын «ЕвростройА» ЖШС-і бастап, былтыр толықтай аяқтаған болатын. Әкімдіктің 2021 жылы жаңа жыл қарсаңында осы үй беріледі деген уәдесі орындалмады.

- Жалпы аудан бойынша бес категориямен 1511 адам баспана кезегінде тұр. «Көктемдегі» жаңа үй көп балалы, халықтың әлеуметтік осал топтары және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға беріледі деп отырмыз. Олардың арасында тұрғын үй кезегінде 2013-2014 жылдан бері тұрғандар бар. Бұл үй пайдалануға берілсе 192 адамның арызы қанағаттандырылып, баспанға ие болар еді, - дейді аудандық ТКШ басшысы міндетін атқарушы Лаура ҚУАНЫШЕВА.

Жалпы абаттандыру жұмысы тапсырысшы - аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі мен мердігер «АгроСпецМонтаж» ЖШС-і арасындағы келісім шарт бойынша 154 млн 626 мың теңгеге бағаланған болатын. Абаттандыру жұмысы 2021 жылды 6 мамырында басталуы керек еді. Бұл іс қарқын алмай, айналдырғанда қыс түсіп, жұмыс тоқтап қалды. Мердігер енді 2022 жылдың 1 тамызында жұмыс толық аяқталады деп келісімге келген.

- Мердігердің есепшотына 2021 жылы 9 млн, 2022 жылы 50 млн теңге аударылды. «АгроСпецМонтаж» ЖШС бар жұмысты бір қосалқы мердігер атқарып тапсырады деген болатын. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс басталған жоқ. Бүкіл материалы, жаяу жүргіншілерге арналған төсемтастары әкелінген. «Неге жұмысты бастамайсыңдар?» десем, «ертең» деп уәде береді. Онымен жасалып жатқан жұмыс жоқ. Егер салқын түссе, асфальтты төсетпеймін деп ескерттім. «Адамдар үйге кіруі керек қой, тездетіңдер» деп, адами тұрғыда да айттым. Сол күнде «ертең» деген уәдемен шаршатып болды, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі басшысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИН.

- Барлық материал келіп тұрса, қандай себеппен жұмыс басталмай отыр?

- Басқа бір обьектіде жұмысшы өзбектерім бар, сол біткесін келіп жасайды дейді.

- Жұмыстар келісім шартта көрсетілген мерзімде аяқталған жоқ қой.

- Біз мердігерді Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа беріп қойғанбыз, жуырда сот болады.

Кезекте тұрғандар былтыр тапсырамыз деп уәде етілген баспанаға қол жеткізе ала ма, ол жағы белгісіз. Үміттен гөрі күдік көп.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

18 қазан 2022, 21:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.