Биыл тоғыз айда облыстық перинаталдық орталықта 96 егіз, бір үшем дүниеге келген. Өткен жылмен салыстырғанда егіздер саны 9,1 пайызға артқан.
Бұл туралы Атырау облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Альмира САБЫРҒАЛИЕВА мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Еске салсақ, 6 қыркүйекте облыстық перинаталдық орталықта биыл алғаш рет үшем дүниеге келді, оның үшеуі де ұл. Бұл 22 жастағы Аянгүл СӘБИТОВАНЫҢ екінші жүктілігі. Бұл отбасы бұрынғыша төрт ұлымен екі бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Аянгүл баспана мәселесі бойынша қала әкімінің қабылдауына жазылғанын және оң нәтиже күтетінін айтады.
Жыл басынан бері Атырау облыстық перинаталдық орталығында 6796 сәби дүниеге келді. Айта кетейік, өткен жылы ОПО-та 7375 сәби дүниеге келген.
Бұған дейін жыл басынан бері Атырау облысында 11 333 бала дүниеге келсе, оның 114-і егіз екені хабарланды.
Қыркүйек айының соңында Құрманғазы ауданында «Егіздер шеруі» ұйымдастырылып, оған облыс орталығы мен Орлы, Байда, Бірлік, Кудряшово, Жаңаталап, Мақаш, Дыңғызыл, Сафоновка, Ақкөл және Нұржау ауылдарынан 99 бала – 48 егіз және үшем қатысты.
Мұндай ерекше шара балалар жылы аясында облыс орталығында ғана емес, бүкіл Атырау облысында алғаш рет ұйымдастырылды.
Балалар би билеп, ән айтып, өз өнерлерін көрсетті. С.Көшекбаев атындағы МҮ директоры Жалғас САҒЫНДЫҚОВ сол кезде шерудің басты мақсаты – тұрғындардың көп балалы болуға деген құштарлығын ояту, өз ауданында тұратын егіздерді таныстыру, олардың арасындағы достықты нығайту екенін атап өтті.
Айнұр САПАРОВА