12-15 қазан аралығында Испанияның Понтеведра қаласында грэпплинг UWW нұсқасы бойынша ерлер, әйелдер және кадеттер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Тартысты додаға қатысқан атыраулық спортшылар жүлдемен оралды.
Жарысқа әлемнің 24 елінен 300-ден аса спортшы қатысты. Чемпионат бағдарламасын No Gi және Gi бөлімінде кадеттер (16-17 жас) және жасөспірімдер (18-20) ашты. Қазақстан құрамасының спортшылары чемпионаттың No Gi және бөлімі Gi бойынша 14 алтын, 10 күміс және 6 қола медалін жеңіп алды.
- Құрама ішінде атыраулық спортшылар екі алтын және бір қолаға ие болды. Жастар арасында 58 келі салмақта Қаршыға Абдурахим No Gi (кимоносыз түрі) және Gi (кимоно түрі) бөлімдері бойынша екі алтын медаль алды. Жасөспірімдер арасында 54 келі салмақта Рахымжан Тұрғанбек No Gi және Gi бөлімдері бойынша қола медальға қол жеткізді, - деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аға жаттықтырушы Асқар ИСАҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, спортшылар бұл жарысқа 2 ай көлемінде дайындалған. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Оның шәкірттері олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары.
Айта кетейік Рахымжан Тұрғанбек - былтырғы Ресей Федерациясының Уфа қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер
«АЖ» анықтамасы:
Грепплинг – жекпе-жек өнеріндегі жақын қоян-қолтық ұрыс стилінің– қармау әдістерін қолданатын күрес техникаларының ағылшынша анықтамасы (ағылшынша grapple «қармау», «абордаждық ілмек» деген сөз). Ең аз шектеулермен ауырту және тұншықтыру әдістерін қолдану бойынша күрестің барлық техникасын біріктіретін жекпе-жек өнерінің бұл түрі жапондық джиу-джитсу күресінің еуропалық модификациясы болып саналады.