Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылы ескі және жаңа болып, екіге бөлінген. Бір округке біріккен екі ауылдың арақашықтығы шамамен 500-600 метрдей, ал автомобиль жолымен 1 км. Екі ауыл қанаттаса орналасқанымен жағдай да екі түрлі.
Ескі Сарайшық ауылының қашан қалыптасқаны белгісіз, тарихы тұнып тұрған мекен терең археологиялық зерттеуді қажет етіп тұр. Кезінде казак-орыстар мекендеген бұл ауылда ескінің көзіндей болған бір үй ғана қалыпты. Оның қашан салынғанын жергілікті тұрғындар айта алмады. Бүгінде бұл ауылда 89 үйде 787 тұрғын тұрып жатыр. Сонымен бірге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, таза су қондырғысы, екі дүкен және бір дәріхана бар.
- Бұл ауыл көшіріледі деп айтқалы көп болды, не көшпейміз, не инфрақұрылымнан ада қалған жайымыз бар. Үйлеріміз ескірді, жаңадан тұрғызайық десек құрылыс салуға болмайды дейді. Ауылда жол жоқ, лайсаң күндері балалар мектепке әзер барып келеді. Балаларымыз жаңа Сарайшықта оқиды, автобуспен тасымалдайды. Бірақ сол автобусқа жеткенше балшықтан аяқтарын ала алмай, құлап жатқандары. Біздің жаққа такси де келмейді, айтсақ ат-тондарын ала қашады, жедел жәрдем көлігі де сол батып жатқандары. Ең болмаса сол қара жолды қырып тегістеп берсе, - дейді күйінген ескі Сарайшық тұрғындары.
Көңілдері алаң болғандар жиын сайын бұл мәселені айтумен келеді, бірақ нақты жауабы болған емес. «АЖ» сауалына орай облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мынадай мәтіндегі жауабын жіберген болатын.
- Жалпы Ескі Сарайшық ауылын көшіру мәселесі әкімдермен болған кездесу жиындарында үнемі айтылып, көтеріліп келе жатырған өзекті мәселенің бірі. 2017 жылы бас жоспарды жасақтау кезінде бұл ауылды Сарайшық ауылының солтүстік-батыс жағына жоспарлап көшіру ұсынылған. Осыған орай, ескі Сарайшық елді мекенінің инженерлік инфрақұрылым салу жұмыстарына рұқсат берілмей тұр. Қыркүйек айында «КазГипоГрад» ЖШС-нің өкілдерінің қатысымен тұрғындармен қоғамдық тыңдаулалар өткізіліп, округтің бас жоспарына өзгерістер енгізу бойынша мәселелер қаралды. Жалпы бұл елді мекен көшіріледі, ал уақыты мен қаражаты нақтылану үстінде, - делінген ресми хабарламада.
Бұл жауапқа қарағанда ескі Сарайшық тұрғындары үшін көшу жайы әзірге болмайтын түрі бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор