Құрманғазы ауылында жаңадан «Шипажай», «Болашақ» ықшам аудандары пайда болмақ. Жаңа ықшамауданнан жер учаскесі кезекте тұрған жеке тұлғаларға тұрғын үй құрылысын салу үшін 1 гектардан берілетін болды.
«Нұрлы жер» бағдарламасына орай екі ықшам ауданға инженерлік коммуникациялық ифрақұрылым жүргізу жұмысы бүгінде толық аяқталды. Бұл жобаға 1 млрд 550 млн 645 мың теңге қаржы қаралған. Мердігер «Қарағанды жолдары» ЖШС біраз жұмысты атқарған. Мәселен, 468 тұрғынға арналған жер учаскесінде 13,1 км ауылішілік жол, 41,4 км электр жарығы, 27,4 км ауыз су және 21,4 км газ құбыры тартылған.
- Құрманғазы ауылы бойынша 2016 жылдан бері екі мыңға жуық жер сұраушылардың арызы бар болатын. Бүгінде 60 адамның жер сұраған арызы қанағаттандырылып отыр. Ал келесі жылы кезекте тұрған 120 адамға жер берілетін болады. Осылайша бұл жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылады, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ренат НҰҒМАНОВ.
Оның айтуынша, Еңбекші округі Жұмекен ауылында «StroyGazCompany” ЖШС құны 100 млн теңгеге 8,4 км газ желісі, «АЙКОМLtd» ЖШС 144 млн теңгеге 14,8 км электр желісі, ал «Байсын-А» ЖШС 110 млн теңгеге 10,2 км ауыз су құбырын тартып берген.
Бүгінде Еңбекші ауылдық округі әкімі аппаратына балансқа беру жұмыстары жүргізілуде. Балансқа алынғаннан кейін кезекте тұрғандарға үй құрылысын жүргізу үшін жер беріледі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор