Дауды шешудің заманауи тәсілі - медиация. Ол тек Батыс елдерінде ғана емес, Қазақстанда да оң нәтижесін көрсетіп келеді. Медиация мүмкіндіктері Атырауда өткен «Би институтын заманауи жаңғырту. Медиация мүмкіндіктері» тақырыбында өткен республикалық форумда талқыланды.
Шараға Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан ЖҰМАҒҰЛОВ, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ, мемлекеттік, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, сот орындаушылар, билер және медиаторлар, заңгерлер қатысты.
Соңғы кездері қоғамда дауды сотқа жеткізбей шешудің жаңа нұсқасы қолданыла бастады. Талапкер мен жауапкер бейресми жағдайда үшінші тұлғаның, дәлірек айтсақ, медиатордың қатысуымен келіссөз үстеліне отырады және мәселені барлық тараптардың пайдасына шешеді.
– 2021 жылы облыс соттары 1770 татуластыру рәсімі жүргізсе, 2022 жылдың 9 айында 1342 рәсім жүргізген. Қаралған істердің 18%-ға жуығы тараптардың ымыраласуымен шешілген. Мысалы, бізге ерекше күтімді қажет ететін баланың анасы хабарласты. Ол некеде болғанда ерекше баласы дүниеге келген. Отбасы баспанаға кезекке тұрады, кезек жұбайына рәсімделеді. Кейіннен неке бұзылып, ерлі-зайыптылар ажырасып, бала анасының қамқорлығында қалады. Бұрынғы күйеуі бір бөлмелі пәтер сатып алған, онда бір өзі тұрады. Отбасы кезектен шығарылған. Сот татуластыру рәсімін жүргізу нәтижесінде медиациялық келісім бекітіліп, оған сәйкес ТКШ анаға үй кезегін қайта ресімдеуге және бұрынғы кезегін қалпына келтіруге міндеттенді. Әкімшілік алқада істі қарау татуласумен аяқталды, – деді Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл САЛИХОВА.
Тағы бір азамат көршісіне қосымша жер телімін беру туралы әкімнің шешіміне қарсы болды. Көршілер арасында дау шыққан. Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша көршілердің жер телімінің қабаттаса орналасу фактісі анықталды. Көршілес орналасқан тараптардың жер телімі мұраға қалған. Әкімдіктің әкімшілік құзыреті бар екеніне көз жеткізген алқа медиация келісімін бекітті. Келісім шарттары бойынша көршінің жер телімі сол күйінде қалады, әкім талапкердің жер телімінің конфигурациясын оның учаскенің екінші (бос) жағындағы параметрлерін ескере отырып өзгертеді. Көршісі талапкерге дуалды ауыстыруға және ығысуына байланысты жерін қоршауына көмектеседі.
Форум жұмысын қорытындылаған халықаралық медиатор Гүлбаршын МАРДАНОВА бұл кездесу ел ішіндегі дау-дамайлар көрсеткішін төмендетумен қатар, жанжалсыз қоғам құруда мызғымас бірлік пен берекеге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін сенім білдірді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ