Бразилиялық DIS компаниясының заңгері Пауло Нассер Неймарды, сондай-ақ, каталондық клубтың бұрынғы президенттері Сандро Роселль мен Хосеп Мария Бартомеуді жемқорлық жасады деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айыру керек деген мәлімдеме жасады. Бұған ойыншының трансферінен қаржылық пайда алуға бағытталған бірқатар заңсыз әрекет себеп болды, - деп хабарлайды massaget.kz matchtv.ru басылымына сілтеме жасап.
"Неймардың "Барселонамен" келісімшартқа отыруы іс жүзінде 82 миллион еуро, бірақ оның тек 17-сі ғана ресми түрде жарияланған. Біз екі нәрсеге негізделіп отырмыз. Біріншісі - жеке сыбайлас жемқорлық. Ал екіншісі - келісімшартты орындаудағы алаяқтық. Бұл Неймардың Барселонамен қол қойған келісімшартында олар DIS пен "Сантосқа" төлеуі тиіс 65 миллион еуроны сақтап қалатыны жазылған", - деді адвокат.
2009 жылы DIS компаниясы, 2 миллион еуроға, сол кезде кәсіпқой мансабын "Сантоста" бастамаған Неймардың болашақтағы кез келген трансферінен түскен табыстың 40 пайызын алуға құқылы болды. Заңгерлер бұл келісімнің орындалмағанын айтады.
"Неймар ата-анасының және "Барселона" мен "Сантостың" басшылығының келісімімен DIS-пен келісімді бұзды. Бұл құпия түрде Барселонамен 4,5 миллион еуроға жолдастық кездесу ұйымдастыру және Сантостың үш ойыншысына 7,9 миллион төлеу арқылы келісілді", - деді ол.
Нәтижесінде, "Барселона" ойыншының құқығы үшін "Сантосқа" 25,17 миллион еуро және Неймардың әкесінің компаниясына тағы 60 миллион төледі, ал DIS 6,8 миллион алды. DIS заңгерінің айтуынша, Сантос трансфер үшін 55 пайызын ғана алды.
DIS және FAAP (Бразилиядағы кәсіпқой спортшыларға жауапты орган) Неймарды бес жылға бас бостандығынан айыруды, 149 миллион еуро көлемінде айыппұл төлеуді және жаза кезінде кәсіби футбол қызметіне тыйым салуды сұрап отыр.