«Атырау» командасы ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мамаш Омаровты еске алуға арналған волейболдан ерлер командасы арасындағы Қазақстан Кубогін жеңіп алды. «Жайық» спорт кешенінде өткен дүбірлі доданың жеңімпаздарын аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВ құттықтап, салтанатты шараның марапаттау рәсіміне қатысты.
Ақтық кезеңде біздің команда алматылық «Буревестник» командасымен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіп чемпион атанды. «Буревестник» командасы күміс медаль алса, «Павлодар» командасы қола жүлдені қанағат тұтты.
- «Атырау» волейбол командасының бүгінгі жетістігі баршамызға қуаныш сыйлады. Өздеріңізге белгілі, олар жыл сайын облыс қоржынына талай жүлде салып жүр. Бұл қуанарлық әрі мақтанарлық жәйт. Сіздер бұл жеңіспен болашағымыз жастарға - рух, жеңіске деген құлшыныс сыйлап, сонымен қатар, елін, жерін сүйетін патриот тәрбиелеуге үлес қосып келесіздер. Сіздерге қарап, бой түзеп өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ барына қуанамыз. Олар салауатты өмір салтын ұстанып, жат әдеттен бойларын аулақ ұстап, ел мақтанатындай, жұрт сүйсінетіндей азамат болып қалыптасарына сенеміз. Президент тапсырмасына орай, бұқаралық спортты көтеру, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бағытында Сіз бен біз болып алға қарай бірге жұмыс атқарып, дені сау ұлт қалыптастыруымыз қажет. Ел мерейі, халқымыздың абыройы асқақтай берсін, - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Атырауда өткен ҚР Кубогіне еліміздің әр өңірінен келген 8 команда қатысты. «Атырау» волейбол командасы осыған дейін 6 дүркін ҚР Кубогінің иегерi атанды.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА