Қазан басталғалы Атырау облысында босанған үш әйел ауруханада көз жұмды, оның екеуі бір күнде қайтыс болды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВ ӨКҚ өткен брифингте әйелдер өлімінің алдын ала себебі – сепсис екенін айтты.
Бір әйел бірінші қазанда қайтыс болды. Бірақ брифинг барысында дәрігерлер соңғы екі жағдайға тоқталды.
Алғашқы жағдай Атырау облыстық ауруханасында тіркелді. Жүктілігі 12 апта болған 33 жастағы Мақат ауданының тұрғыны сол жерде көз жұмды. Артында екі баласы қалды. Әйел Мақат орталық аудандық ауруханасына бекітіліп, бақылауда болған. Осы жылдың мамыр айынан бастап «менингиома» диагнозымен неврологта есепте тұрды. Бірақ ол одан бұрын ауырған: өткен жылдың сәуір айында бас ауруының күшеюіне байланысты тексеруден өтіп, ем ала бастаған. Осы жылдың мамыр айында үздіксіз бас ауруына байланысты МРТ аппаратына түскен. Өлерінің алдындағы соңғы аптада бас ауруы күшейіп, жүрегі айнитын болған.
– Өткен жексенбіде, 9 қазанда Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургиялық бөліміне «ми тақтасының үстіндегі мидың қатерсіз ісігі» деген диагнозбен әйел түсті. Түскен кезде басы аурып, айналатынына, жүрегі айнитынына, есте сақтау, көру қабілетінің төмендегеніне, жалпы әлсіздікке шағымданды. Ауруханада дәрігерлер зертханалық-диагностикалық және аспаптық зерттеулер жүргізді, мамандар кеңес берді. Тиісті ем тағайындалды. Екі күннен кейін, 11 қазанда жағдайы нашарлауына байланысты науқас жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Алайда дәрігерлер қанша тырысқанымен, әйел 12 қазанда қайтыс болды, — дейді Асхан Байдуәлиев.
Өлгеннен кейін қойылған алдын ала диагноз – сепсис, септицемия, пневмония.
Дәл осы күні Мақат орталық аудандық ауруханасында қабылдау бөліміне шұғыл жеткізілген әйел қайтыс болды. Оның жүктілік мерзімі - 32 апта.
- Оны ауруханаға әкелген кездегі жағдайы өте ауыр болды. Науқас дереу жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Бірнеше сағат ішінде оның жүрегі үш рет тоқтап қалды, бірақ дәрігерлердің күшімен әйел өмірге қайта оралды. Алайда, барлық реанимациялық шараларға қарамастан науқас кешке көз жұмды. Өлімнен кейінгі диагноз: «вирустық-бактериялық генез сепсисі. Септикалық шок», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Айта кетейік, екі әйелдің де медицина қызметкерлерімен жанама байланысы болған, өйткені бірінің ағасы дәрігер, екіншісінің құрбысы акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Олар дәрігерлерге үнемі барып тұрған, коронавирусқа қарсы екпе алған.
«АЖ» САУАЛДАРЫ:
- Туыстары облыстық ауруханада босанған 33 жастағы келіншек қараусыз қалғанын және күні бойы дәреті тазаланбаған күйі лас матраста жатқанын айтып шағымданды.
- Біз туыстарының шағымын тексеріп жатырмыз. Бұл мәселені аурухана директоры қарастырады. Біз үшін әрбір әйел мен баланың өмірі маңызды, сондықтан әрбір әйелдің денсаулығы мен жағдайын мұқият қадағалаймыз. Жүкті пациенттің қараусыз қалғанын елестету мүмкін емес.
– Әйелдің басында ісік бар болса, неге консилиум болмады?
- Ол нейрохирургия бөлімінде болды. Дәрігерлер қарады, диагноз қою қиын болды.
Брифингтен кейін «АЖ» тілшісі марқұм әйелдің туыстарына хабарласты. Олар жерлеу рәсімінен кейін дәрігерлерді сотқа беретінін айтты.
- Бірінші күні ол өздігімен тамақтанды, бірақ келесі күні тіпті сөйлей алмады. Телефоны өшірулі болды. Ол қараусыз қалып, таныстардың қоңырауынан кейін ғана жансақтау бөліміне жатқызылды. Келінімізді өлтірді! – дейді туыстары.
Фархат АБИЛОВ
Суретті түсірген автор