Атырау, 24 қараша 07:12
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Батыс айтыскерлері Махамбетте бас қосты

1 896 просмотра

12 қазанда Махамбет ауданында ақын, әнші, композитор Бала Ораз ӨТЕБАЙҰЛЫНЫҢ туғанына 185 жыл толуына орай «Мен бабында жүрген жүйрігің, Бәйгелі жерде жүлде алған» деген атпен Батыс аймақтық ақындар айтысы өтті.

Оған Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы 16 ақын қатысты. Айтысты Махамбет аудандық әкімдігі және Қазақстан айтыскерлері мен жыршы-термешілер одағының Атырау филиалы ұйымдастырды.

- Қазақ халқының өзге халыққа ұқсамайтын бір ерекше қасиеті – төкпе ақындығы. Бабадан қалған асыл мұрамыз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Батыс өңірінде ақындығымен елге танылған Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 185 жыл толып отыр. Елдің еркесі болған ақынның шығармашылығы соңғы жылдары терең зерттеліп, ақын жөніндегі мағлұматтар күн өткен сайын толығуда. Денесі Махамбет өңірінде жатқан Бала Ораз Өтебайұлының басына кесене салынды. Өзіміздің арыстарымызды құрметтеп, қастерлеу біздің парызымыз, - деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ.  

Айтыскерлер Бала Ораздың ақындығы мен батырлығын, елдік пен бірлікті, бүгіннің өзекті мәселелерін, Махамбеттей мекеннің ерекше қасиеттерін өз жырларына арқау етті.

Айтыс қорытындысы бойынша 700 мың теңгелік бас жүлдеге Жәнібек САДЫРОВ лайық деп танылды. Ал, бірінші орынға 500 мың теңге жүлдемен Ерболат ҚАРАҚОЙШЫ, екінші орынға 400 мың теңгенің жүлдесімен Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ, үшінші орындарға 200 мың теңгенің жүлдесімен Абылай СМАҒҰЛОВ, Қайырхан ЖҰБАНИЯЗОВ, Өнербек ДӘУЛЕКЕНОВ ие болды.

Сондай-ақ Батыржан КӘДІРБАЙ, Зейнетолла ҚОСЫМБАЕВ, Нұрбек САРБАСОВ және Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ 100 мың теңгелік арнайы  жүлдеге ие болды.

Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

Суретті түсірген автор

13 қазан 2022, 18:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.