Оқу жылы басталғалы небәрі бір жарым ай өтті, ал Атырау мектептерінде үш оқиға орын алды: №25 мектептің 4-сынып оқушыларының ата-анасы жоғары сынып оқушылары тарапынан ақша бопсалау және түсініксіз ұнтақтарды сату фактілеріне шағымданды, №16 мектептің оқушылары оқу орнының жанындағы ойын алаңында темекі шексе, 12 қазанда №2 мектепке «бомба» қойылғаны туралы хабарланды.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВТІҢ төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында осы мәселелер талқыланды. Отырыс Ақсай ауылындағы Б.Момышұлы атындағы №25 мектебінде өтті. Үш жағдайда да кәмелетке толмаған балалардың қатысы болғандықтан бұл бас қосуға себеп болды.
- №25 мектепте болған оқиға бойынша тергеу жүргізілді. 4 Д-сынып оқушысының ата-анасы 4 қазанда баласы мектептен келген соң өзін нашар сезініп, құсқанын айтты. Баласының телефонынан: «Ертең ақша әкел, жоғары сынып оқушылары «одноразка» әкелуге уәде берді» деген сыныптасының хабарламасын оқиды. Балалар заңды өкілдерінің қатысуымен жоғары сынып оқушыларының талабы солай екенін түсіндірді. Өз кезегінде 9-сынып оқушылары бұл бастауыш сынып оқушыларын танымайтынын айтты. Сонымен қатар, балалардың энергетикалық сусындарды мектеп жанындағы дүкеннен сатып алғаны белгілі болды. Ата-аналардың сұранысы бойынша аталған энергетиктерге сараптама жүргізілді. Сараптама энергетикалық сусындардың құрамында психотроптық және масайтатын заттардың жоқтығын көрсетті. Бұл жай ғана сусын жасау үшін қолданылатын ұнтақ болып шықты. 11 қазанда жиналыс өтіп, онда ақша бопсалау жағдайы болмағаны анықталды. Бүгінде полицияға арыз жазған ата-ананың бірі оны қайтарып алды. Ол бұл ақпараттың дұрыс емес болғанын айтып, кешірім сұрады. Тәрбие жұмысы жөніндегі маман балалармен сұхбат жүргізіп, оның барысында балалар бұл хикаяны өздері құрастырғанын айтты. Олардың диалогы диктофонға жазылған. Ата-анасы полицияға арыз жазған баланың бірі әкесінен сұрамай ақша алғандықтан, осылайша ақталмақ болған. Тағы екі баланың ата-анасының арызы бойынша іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде, фактілер расталмаса, істер тоқтатылады, - деді Атырау облысы білім басқармасының басшысы Гүлнәр СӘДУАҚАСОВА. Әрі қарай ол суицид пен буллингтің алдын алу үшін басқарма тарапынан қандай шаралар алынып жатқанын айта бастады.
– Суицид пен буллинг – өте өзекті тақырып екені сөзсіз, бірақ мен баяндамашылардан бүгінгі талқыланатын тақырыптан ауытқымауды өтінемін, – деп Жасұлан Бисембиев өте дұрыс ескерту жасады.
- Ата-аналар болған жағдайды мектеп әкімшілігіне жеткізіп, бейнекамера жазбасын көруге рұқсат сұрады. Мектеп басшылығы кеш болып қалған соң ертеңгі күні келулерін өтінді. Келесі күні мектептегі бейнекамералардың жұмыс істемейтіні белгілі болды. Осыдан кейін бізге хабарлады. Наркологиялық сараптама қорытындысы бұл ұнтақтардың құрамында психотроптық заттардың жоғын көрсетті. Аталған факті бойынша 194-баптың 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 11 қазанда әлеуметтік желіде видео пайда болды: жасөспірімдер Сәтпаев даңғылы бойындағы үйлердің бірінің ауласындағы балалар алаңында электронды темекі шеккен. Бұл балалар №16 мектепте оқитыны анықталды. Кәмелетке толмаған 7 баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналардың арызы бойынша балалар темекі сатып алған дүкеннің иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 133-бабының 1-бөлігі («Темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде он сегіз жасқа толмағандарға қыздырылатын темекі бұйымдарын сату») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 12 қазанда №2 мектептің директоры полицияға хабарласып, бір жарым сағаттан кейін мектеп ғимаратында жарылғыш зат іске қосылатыны туралы анонимді хабарлама келгенін айтты. Полиция қызметкерлері мектептен бірінші ауысымда оқитын 800-ге жуық оқушы мен 70 мұғалімді эвакуациялады. Бұл хабарламаны кәмелетке толмаған бала жіберген болып шықты. Мен Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары болып ұзақ жыл қызмет еттім, мектептегі оқиғалардың кейбір фактілері біздің назарымызға ілінбегенін анық білемін. Мектеп директорлары жария болудан қорқатынын, сондықтан оқушыларының есепке алынбауын және мектеп рейтингі төмендеп кетпеуі үшін мұндай жайттарды жарияламауға тырысатынын мойындайды. Бұл тәжірибеден арылу керек. Осындай фактілер дер кезінде жарияланса, бәлкім, бүгінгі оқиғалардың алдын алар ма едік. Ақпараттандыру, ата-аналар кеңесін құру, оларды жұмысқа тарту, өзімізде және республиканың басқа да өңірлерінде орын алған атышулы істер сараланып отыратын жиналыстар ұйымдастыру қажет, – деді Атырау облыстық полиция басқармасының басшысы Ерлан БИҒАМБАЕВ.
Жасұлан Бисембиевтің сұрақтарына жауап бере отырып, ол 2020 жылдан бастап мектептер мен оларға іргелес аумақтар бейнекамералармен жабдықталғанын, осыған байланысты оқу орындарында мектеп инспекторлары кезекшілік атқармайтынын түсіндірді. Бейнекамераларға келетін болсақ, қаладағы 75 мектептің 42-сінде ғана ЖБО – жедел басқару орталығымен біріктірілген жабдықтар бар. Қалғаны бойынша мәселе «Қазақтелеком» арқылы шешіледі. Сондай-ақ, кейбір мектептегі бейнекамераның суретінің сапасы өте нашар.
– Барлық мектептің камераларын «Сергек» жүйесімен біріктіру керек, камералар ескі болса, оларды ауыстыру туралы ұсыныс жазыңыздар, біз қолдаймыз, келесі жылы ауыстыра аламыз. Ал бұл қандай рейтинг және неге сол үшін директорлар құқық бұзушылықты жасырады? – деп сұрады әкім орынбасары қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Фаруза ШӘҢГЕРЕЕВАДАН.
- Қазір ешқандай мектеп рейтингтері жоқ, мұндай фактілерді жасыру туралы нұсқау да жоқ. Бұрын мектептің беделі ҰБТ нәтижесімен анықталса, қазір білім сапасы бойынша рейтинг бар, оның қорытындысы бойынша үздік 10 білім ошағы анықталады. Ертең мектеп директорларымен үлкен жиын өткізіп, басқа мәселемен қатар осы жөнінде де талқылаймыз, - деп сендірді ол.
- Мен мұның бәрі соншалықты керемет деп ойламаймын. №25 мектептегі жағдай бекерден-бекер туындаған жоқ. Бұл мәселе әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бұл мектеп 2 ауысымда оқиды, бірақ мұнда балалар көп болғандықтан, үш ауысымға көшіруге алғышарттар бар. Оқушылардың ең көп контингенті №16 мектепте, балалар 3 ауысымда оқиды, №2 мектеп те үш ауысымда оқиды. Демек, балалар 3-4 сағат оқиды, ал қалған уақытта бос, ешқандай тәрбие жұмыстарымен, үйірмелермен, басқа да шаралармен қамтылмайды деген сөз. Мұның бәрі осындай жағдайларға негіз болады. Осыған байланысты жоспарымыз бар, «Бином» мектептері салынып жатыр, басқа да оқу орындары жөнделіп, кеңейтілуде. Осылайша, 2023 жылы үш ауысымда оқыту мәселесін шешпекпіз. Мектептерде оқу-тәрбие жұмысын күшейту, ата-аналармен белсенді ынтымақтастық орнату қажет. Әзірге пассив ұстаным бар - мектептер білім береді, ал тәрбие ата-ананың ар-ожданында қалады. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізе аламыз және осы бағытта жұмыс істеуіміз қажет, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімінің орынбасары.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған суреттер
Бейнежазбаны түсірген автор