Атырау, 29 қараша 06:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

"АЖ" тілшісі мас жөндеушілермен "қақтығысып" қалды

Сурет
1 231 просмотра

Біздің тілшімсіз Индер ауданы Есбол ауылына кезекті іссапарға барғанда ауыл әкімдігінің ғимаратын жөндеп жатқандармен сөзге келіп қалды. 

Кезекті мақаланы даярлау кезінде  Есбол ауылдық оругінің кеңсесіне бұрылғанмын. Ғимарат жөндеуде болып шықты. Құрылыс жұмысымен танысу үшін ішке кірмек болғаныммен аула есігі сыммен мықтап байланған екен. Кіру мүмкін болмады. Екі адам көрінді (екеуі де Өзбекстан азаматы болу керек), екеуі де масаң күйде. Олар «басшылар жоқ» деді де, қақпаны ашты. Аулада кірпіш, құрылыс материалдары жиналып тұрды. Ғимараттың ішіне енгенде өзін Қазбекпін деп таныстырғаны әр есікті бір ашып таныстырып жүр. Ғимараттың біраз бөлігі жөндеуден өткен. Мен суретке, видеоға түсіре бастадым.

- Екі айдан бері екі адам болып жұмыс жасап жатырмыз. Көрдіңіз бе, бітіре келдік. Бірақ бүгін жұмыс жоқ.

- Не себептен?

- Профлист жоқ, күтіп отырмыз.

Екіншісі:

- Бүгін менің туған күнім, демаламыз. Өзіміз білеміз не жасауды.

- Неге бізге алғыс айтпайды, - деп сұрады кенет Қазбек.

- Не үшін, кімдер айтуы керек?

- Жергілікті адамдар, әкімшілік айтсын.

Осы жерде менің шыдамым таусылып, жұмыс уақытында неге ішімдік ішкенсіздер деп сұрадым. Бұл сұрағым екеуіне де жайсыз тиген болу керек, сол жерде олар мені балағаттай бастады. Тартып алып, сындырмақ ниетте телефоныма жармасты. Сыртқа қарай беттегенмен екеуі қарсы келіп, мені далаға шығармауға тырысты. Соңы немен аяқталарын, егер тыста көлікте қалған жолдасым олардың айқайын естіп жүгіріп кіріп келмегенде:

- Жігіттер, не болды? - деді, олар кейін шегінді. 

30 жылдық журналистік жұмысымда кейбір келеңсіздіктер болса да дәл мынадай жағдайға бірінші кезігуім. Өзімді сабырға шақырып, округ әкімшілігі уақытша орналасқан мәдениет үйіне беттедім. 

- Ғимарат өткен жылдан бері жөндеуде, неге онда бардыңыз? Бірден маған келмейсіз бе, - деді Есбол ауылдық округінің әкімі Абзал РАМАЗАНОВ.

- Жұмысшылар ішімдік ішкен, мас күйде. Учаскелік инспектор кім?

- Неғыласыз хабарлап? Өзіміз реттейміз.

- Ғимарат қашаннан бері жөндеуде тұр?

Рамазанов компьютерін ақтарып мынадай мәлімет берді: «49 млн теңге бөлінген әкімшілік ғимаратының жөндеуі 2021 жылы басталып, 2022 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. Жұмыстың 90 пайызы бітіп тұр. Уақытында жөндеу жұмысы аяқталатын болады». 

Бұл жерде ауыл әкімі қателескен болу керек. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Есбол ауылдық округ әкімшілік ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы басталып,  2022 жылдың 25 тамызында бітуі тиіс еді. Мердігер «SCSИнжиниринг» ЖШС жұмысты уақтылы аяқтамауына байланысты Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа талап арыз арыз жолданып, сот процесі күтілуде.

Мен хабарласқаннан кейін бұл жағдаймен аудандық полиция айналысты. АПБ бастығы Берік ЖАНҰЗАҚОВТЫҢ хабарлауынша, Өзбекстан республикасының азаматтары Қазбек Рахманов пен Әлішер Сейтмұратов әкімшілік жауапкершілікке тартылды: ҚР ӘҚБтК-нің 443 бабы («Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау») бойынша әрқайсысына 15 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

13 қазан 2022, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.