Бүгін, 12 қазанда сағат 08:20 шамасында Атырау қаласындағы №2 мектеп директоры полицияға бір жарым сағаттан кейін мектеп ғимаратында жарылыс құрылғысы іске қосылады деген аноним хабарлама алғанын хабарлады.
Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, мектептен бірінші ауысымда оқып жатқан 800-ге жуық оқушы мен 70 мұғалімді эвакуациялады. Қазіргі таңда мектеп ғимаратын тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Қазір Атырау облысы полиция департаментінен хабарлама келді: №2 мектептің ғимаратын тексеру барысында ешқандай жарылыс құрылғылары анықталған жоқ. Қазіргі таңда хабарлама иесін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен қылмыстық жаза көзделген.
Екінші және үшінші ауысымдағы балалар үшін оқу процесі қашықтан жүргізілетін болады. Құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін мектепте қажетті дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.
Кейін Атырау облыстық полиция департаменті: «№2 мектептегі жарылыс туралы жалған хабарлама жіберген адам анықталды - бұл сол мектептің 14 жастағы оқушысы. Ол ата-анасымен бірге Атырау қалалық ішкі істер бөліміне шақыртылды. Тергеу басталды." деп хабарлады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА