Өткен жексенбіде М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толуына, корейлердің Қазақстанда тұрғанына 85 жылдығына, сондай-ақ театрдың 90 жылдығына арналған Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының қойылымы өтті.
Кіре берісте меймандарды ұлттық киім киген қыздар ана тілінде «Аннён’хащимникка» деп амандасып, көңілді қарсы алды. Зал іші лық толы! Шараға облыстың жергілікті тұрғындарынан бөлек, құрметті қонақтар қатысты. Олардың арасында Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Юрий ШИН және «AKҰО» («Алматы Корей Ұлттық орталығы») ҚБ төрағасы Бронислав ШИН бар.
Театрландырылған қойылым ешкімді бей-жай қалдырмады, түрлі реңк, костюмдер, корей тіліндегі композициялар – мұның бәрін зал толассыз қошеметпен қарсы алды.
– Қойылым мені қатты тебірентті, арғы атам Қиыр Шығыстан репрессияға ұшыраған корей азаматы еді, ұйымдастырушыларға мың алғыс, – дейді Ольга КИМ әсерлене.
Махамбет ауданының әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ Чкалов поселкесінің тумасы Бронислав Шинге өңірдің дамуына қосқан зор үлесі үшін шексіз алғысын білдіріп, ауданның құрметті азаматы атағымен құттықтады.
Бір күн бұрын, 8 қазанда Махамбет ауданының Бейбарыс (бұрынғы Чкалов) ауылында Шин И Хён атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті. Бұл кәріс халқының құрметіне өзгертілген Қазақстандағы 34-көше. Балалар мен тұрғындарды қуанышқа бөлеп, сол күні спорт алаңының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ маңызды оқиға – «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне және Корейлердің депортациялануы мемориалдық тақтасына гүл шоқтары қойылды.
– Корейлер қоныстарын тастап, белгісіз жаққа көшуге мәжбүр болған қиын жылдар бәріміздің есімізде. Ал біз, қазақстандық корейлер ұрпақтан-ұрпаққа, ауыздан-ауызға балаларымыз бен немерелерімізге қазақ халқы болмаса, біз аман қалмас едік деп өсиет етіп келеміз, сондықтан өзіміздің қазақстандықтарға тағы да үлкен рахмет айтқым келеді. Қазақтармен жақын араласып кеткеніміз сонша, тіпті, сырт келбетіміз де ұқсай бастаған шығар, – дейді «Тхониль-Атырау» ЭКО төрағасы Людмила ЛИ. – Баршамызға татулық, жылулық, ең бастысы бірлік тілеймін, өйткені бір отбасындай болсақ, бізді ешкім де жеңе алмайды. «Ырыс алды ынтымақ!».
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор