Атырау қаласының 382 жылдық мерекесі биыл бір аптаға жалғасып, 8 қазанда Сұлтан Бейбарыс алаңындағы гала-концертпен қорытыланды.
7 қазанда Абай орталығында ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Камила ЖАПАЛОВАНЫҢ «Сырғамның сыңғыры» атты шығармашылық көрмесі өтті. Көрмеге қылқалам шеберінің 70-ке жуық кескіндеме және батик үлгісіндегі тың туындылары қойылған. Шара барысында суретшінің туындылары жинақталған көрме аттас каталогтың тұсауы кесілді.
8 қазан күні таңертең сағат 9-да Қала күніне орай қалалық велошеру ұйымдастырылды. Спорттық шараға 50-ге жуық кәсіпқой және әуесқой спортшылар қатысып, 8, 15 шақырым қашықтықта бақтарын сынады.
Өзенде байдарка мен каноэда ескек есуден турнир өтті. Спорттық шараға 50-ден астам спортшы қатысты. Атырау қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Самат ЕМБЕРГЕН бұл спорт түріне облыс және қала әкімдігінің қолдауы артқанын айтты. Өңір тарихында ескек есудің өзіндік орны бар. Қазақстандағы байдарка мен каноэ спортының іргетасы біздің қалада қаланған. 1954 жылы ескек есушілердің Қазақстандағы алғашқы командасы құрылды. 1955 жылы қаламызда алғаш рет ел біріншілігі өткізілді.
Осы күні Атырау орталық дене шынықтыру және спорт кешенінде бокстан 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында турнир өтті. Оған Өзбекстан мен Қазақстанның Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облысынан 170 спортшы бақ сынады. Атыраулық Оразбай БЕКХАН «Ең үздік боксшы» атанса, мақаттық Әлихан ҚАНАТҰЛЫ «Ең үздік техникасы үшін» арнайы марапатын алды. Спортшыларды Олимпиада ойындарының чемпиондары Бақтияр АРТАЕВ пен Серік СӘПИЕВ марапаттап, кубоктар табыс етті.
8 қазан күні жергілікті қылқалам шеберлерінің қатысуымен Жайық жағасында суретшілер плэнері өтті. Онға жуық қылқалам шеберлері шаһардың алыстан көз тартар көрікті жерлерін кенеп бетіне майлы бояумен бейнелеп, жұмыстарын музейге табыс етті.
Ал Абай орталығында шахматтан қала әкімі кубогінің жүлдесіне арналған қалалық ашық турнир өтті. Зияткерлік ойынға қызығушылық танытқан 200-ден астам шахматшыдан оза шапқан 150 адам финалдық кезеңде өз бақтарын сынады. Әрине, олардың арасында 13 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы Зарина НҰРҒАЛИЕВА, Азия чемпионатының жүлдегері Жәнібек АМАНОВ, халықаралық, республикалық сайыстардың жүлдегері Абзал ӘМІРӘЛІ, Ибрагим ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ болды.
Сенбі күні түстен кейін бірнеше жылдан бері Атырауды көгалдандырумен айналысып келе жатқан «КДМС» компаниясы «Трава у дома» ЖШС-мен бірлесіп, Алмагүл ықшамауданындағы саябақта балаларға мереке ұйымдастырды.
– Іс жүзінде де, келешекте де біз болашақ үшін жұмыс істейміз – әрбір ағашқа, әр гүлге тамыр жайып, жапырақ беріп, саялы баққа айналуы үшін уақыт керек. Алғашқы жылдары оларды күтіп-баптасақ, болашақта олар ауаның сапасына, көшелеріміз бен саябақтардың көрнекі келбетіне үлестерін қосады. Көгалдандыру процесс ретінде баланы тәрбиесін еске түсіреді. Екі жағдайда да бұл біздің болашағымыз. Қазіргі ұрпақ өте саналы, олар «экология», «қоршаған ортаға қамқорлық» сияқты ұғымдарды бала жастан бойға жақсы сіңіреді. Бұл құндылықтар біз үшін, жасыл көшеттер өсірумен айналысатын бизнес үшін маңызды. Сондықтан бұл мерекенің басты қонағы балалар болды, – дейді «КДМС» ЖШС өкілі Леонид ЗАДЕРНЫЙ.
Балалар Татьяна ТЕГАЙДЫҢ жетекшілігімен құмыраларға гүл отырғызуды және бұтақтар мен гүлдерді безендіруді үйренді, саябаққа ағаш отырғызды, ең үздік сурет байқауына қатысып, пайдалы сыйлықтар алды және аниматорлармен бірге көңіл көтерді.
- Бұл әсіресе пәтерлерде тұратын қала балалары үшін қызықты: оларға өсімдіктердің алдымен пластик стакандарда өсетіні және оларды белгілі бір технологияны сақтай отырып, құмыраларға отырғызу қажет екендігі таңсық. Алдымен құмыраның түбіне геотекстиль төселеді, кейін көбік қабаты, содан соң ғана топырақ салынады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай мереке ата-ананың балаларымен қызықты әрі пайдалы уақыт өткізуіне тамаша мүмкіндік болды, – дейді Зульфия есімді қала тұрғыны. Оның қызы Дарьяға аспанға көгершіндер ұшыру ұнапты, 4 жасар бүлдршін бұрын-соңды тірі құсты қолына ұстап көрмеген.
Мерекенің тағы бір қатысушысының айтуынша, алдағы уақытта да Атырауды көгалдандырумен бір фирманың кешенді түрде айналыса беруін қолдайды. Көгалдандырумен барынша ұзағырақ айналысса дейді.
- Бізде әдетте қалай? Тендер кеш өтеді, сосын біі отырғызады, екіншісі суарады, үшіншісі басқа нәрсе жасайды, сайып келгенде, ешкім ештеңеге жауап бермейді, бәрі бір-біріне меңзейді, кеш егілген, бұлар дұрыс емес суарылған деп... Бұл жерде бір фирма басынан аяғына дейін айналысады, әрине, олар жауапты әрі ынталы болады, бәрін мүмкіндігінше жақсы жасауға тырысады. Мысалы, мен қала тұрғыны ретінде өзгерістерді жақсы байқаймын. Қала көгалданып, гүлдер де көбейген, - дейді Олжас.
Қала күніне арналған шаралар Бейбарыс алаңында «Туған күніңмен, сүйікті қалам – Атырау» гала-концертімен қорытындыланды. Қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИ бүкіл қала тұрғыны мен қонақтарын мерекемен құттықтады. Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Дастан ОРАЗБЕКОВ, Ақбота Нұр СЕЙТМАҒАМБЕТ, Ayree, «Заман» тобы, Ғазизхан ШЕКЕРБЕКОВ, Айгүл ИМАНБАЕВА, Еділжан ҒАББАСОВ, Динара ӘЛЖАН мен жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, алаңға жиналған атыраулықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Гала-концерттің соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер қала әкімдігінің парақшасынан алынды